“Тарихы терең, еңбегі ерен”. Әскери бөлім меншікті мерекесін атап өтті

“Тарихы терең, еңбегі ерен”. Әскери бөлім меншікті мерекесін атап өтті

Қостанай қаласындағы 6697 әскери бөлімінің жеке құрамының құрылғанына 53 жыл. Осы оқиғаға орай, Тобыл қаласындағы «Алтын дән» мәдениет үйінде Ұлттық ұлан сарбаздарына  құрмет көрсетілді.

Жарты ғасырдан астам уақыт бедерінде аталған бөлім әскери-жауынгерлік қызметті қырағылықпен тындырып келеді. Осы мерзім аралығында тарихы жаңа есімдермен айшықталып, марапат-жетістіктермен толықты. Салтанатты мерекені тамашалуға ардагерлер, сарбаздар, әскери қызметшілердің отбасы мүшелері, Қазақа Республикасы ІІМ Ш.Қабылбаев атындағы академияның курсанттары, «Жас бүркіт» патриоттық сыныптарының оқушылары шақырылды.

Салтанатты мерекеге арналған іс-шараны бөлім командирі полковник Т.Әбдіров құттықтау сөзімен бастап берді. «Алтын дән» мәдениет үйінің қазақ ұлттық аспаптар оркестрі мерекенің шырайын ән-күймен келтіріп, әсем ұлттық костюмдерімен сахнаның көркін ашты. Сахнаға бірінен соң бірі мереке иелеріне лебіз арнауға көтерілген құрметті қонақтар құттықтау хатын табыстады. Запастағы ардагерлер алғысын айтып, полкпен арадағы қимас сезімдерін еске алысты.

«Ұлттық ұлан жаунгерлерімен тығыз байланыста жұмыс істеп жүріп, олардың әрқашан сапалы қызмет атқарып келе жатқанын көріп отырмыз. Сарабдал басшылық пен мықты ұйымдастыру қабілетінің арқасында тәртіпті бұзбай, бөлімнің жауынгерлік дайындығын жоғары деңгейге жеткізіп жүрген бірден-бір абыройлы ұжым осы дер едім», – дейді қылмыстық атқару жүйесі мекемесінің бастығының орынбасары, әділет полковнигі В.А. Сухин.

Әскери бөлімнің жеке құрамымен мәдени демалыс күндерін ұйымдастырып, қазақ тіліннің қолданыс аясын әскерилер арасында кеңейтуге үлес қосып жүрген Қостанай облыстық «Тілдарын» тілдерді оқыту орталығы басшысы, облыстық Л.Толстой атындағы кітапхананың директоры құттықтау лебіздерін жолдады. І.Омаров атындағы облыстық қазақ драма театры әртістерінің тамаша қойылымы көрерменді бір желпіндіріп тастады. Сахна төріндегі сұхбатта әскери бөлімнің ардагері, запастағы подполковник Б. Паскевич:

«Бөлім Кеңес үкіметі кезеңінен осы күнге дейін биік белестерді бағындырып келеді. Запастағы ардагерлер мен әскери бөлімнің жеке құрамы бірігіп, жұмыс істей отыра, әлі де талай мерзімді қызмет сарбаздарын Отан алдындағы борыштарын абыроймен өтеп берулеріне күш салары сөзсіз», – деді.

Әскери бөлімнің қалыптасу тарихында мыңдаған жас біздің әскерде мерзімді қызмет өткеріп, келісімшарт бойынша әскери қызметшілер атанып, басшылық құрамында қызметтерін жалғастыруда.

Тарихқа үңілсек, бөлім 1971 жылдың 30 наурызында құрылған. Оның бастауында тұрған алғашқы командир мен полктің жауынгерлік  туын тұңғыш қабылдаған офицерлер құрамы бүгінгі таңға дейін жоғары құрметке ие.

Мереке қарсаңында бірқатар әскери қызметші облыс әкімі, «Орталық» өңірлік қолбасшылығы, ҚАЖМ басшысы атынан марапаттарға ие болды.

Эльвира Сапабекова,

Кітапхана бастығы,

кіші сержант                     

Жаңалықтармен бөлісу