Қостанайлық тоқымашының өнімдері сұранысқа ие

Қостанайлық тоқымашының өнімдері сұранысқа ие

Халқымыздың ежелден келе жатқан мәдени мұрасы – тоқыма өнері қазіргі уақытта қайта жаңғыру үстінде. Өңіріміздің жастары да қолөнердің алуан түрімен айналысып, кәсіптерін өркеңдетіп жатыр. Солардың бірі – Әсел Мұратқызы. Ол 2017 жылдан бастап тоқыма өнерін игерген. Бүгінде оны табыс көзіне айналдырып отыр.

 «Алғаш рет тоқуды бала күнімде анам үйреткен еді. Әрине, бастапқы кезде тоқу барысында біраз қателіктер кетіп, бір шарфтың өзін соңына дейін аяқтамаған кездер болған. Қолымның икемі келе бастаған соң алғашқы тоқыманы ұлыма арнайы жасадым. Жолдастарымның ұсынысы арқылы алғашқы тапсырысым иыққа арналған тоқыма болды. Жауапкершілікті сезінгендіктен, қатты толқыдым. Қайта-қайта тоқымамды жөндеп, дене бітімге сай етіп жасауға тырыстым. Кескінші немесе тігіншілік білімім жоқ болғандықтан, әжептәуір қиындықтар ды бастан кешірдім. Бірақ бойдағы талап пен ниет, айқын мақсат маған шабыт бере түсті»,-дейді Әсел.

Тоқу өнері – қазақ халқының ежелден келе жатқан қолөнер саласының бірі. Бұл тамаша өнер қазіргі заманда жалғасын тауып, көрші халықтардың өнер шығармашылықтарымен толысып, дамып, әсемдігімен, көркемдігімен көз тартып, эстетикалық талғамда өркендеп келеді.

«Осы күнге дейін түзу ілмектерді жасау дағдымды жетілдіріп келемін. Қазір жүн шұлықтардан бастап, көйлектер мен тоқылған пальтоға дейін тапсырыс қабылдаймын. Өнімдер табиғи иірілген жіптен, кашемир, меринос, алпаки, мақта және зығырдан жасалған. Сондай-ақ, мен тоқыманың экологиялық таза, сапасы жоғары болуын қадағалаймын, өйткені мұндай өнімдер тек бір жыл ғана қызмет етпейді», – дейді тоқымашы.

Көз салып байыптап қараған адамға бұйымдардағы түрлі-түсті ою-өрнек, оның орналасуы адамзат дүниесінің табиғатпен біте қайнасқан сонау заманнан келе жатқан қарым-қатынасын, көңіл-күйін, жан дүниесіндегі тылсым күштердің бірлігін аңғаруға болады. Сондықтан да әр адам киген киімінің қазіргі сән үлгісіне сәйкес бола отырып, қайталанбас әсем ерекшелігін, даралығын таныта білуге тырысады.

«Алдағы уақытта тоқыма өнеріне арналған студия ашуды жоспарлап отырмын. Мен көп салалы кешен ұйымдастырғым келеді, оның ішінде тоқуға арналған арнайы машиналар, жоғары сапалы иірілген жіптің үлкен ассортименті, шығармашылық адамдар үшін коворкинг және тоқу өнерін енді бастаушыларға арналған курстар мен шеберлік сабақтарын өткізсем деймін», – дейді Әсел Мұратқызы.

Ділназ Ізтелеуова

3-курс студенті

Жаңалықтармен бөлісу