Көше тойы көрікті

Көше тойы көрікті

Қостанайдың шетіндегі Цветочная көшесінің тұрғындары Ұлыстың Ұлы күні – Наурыз мерекесін бар сән-салтанатымен  атап өтті. Бұл маңға да  шалғай өңірлерден көшіп келген жерлестеріміз көп шоғырланған.

Бастаманы қолға алған мәдениет пен өнер саласының ардагері Ырысты Ерденқызының айтуынша, көше тұрғындары ұйымшылдық танытып, халқымыздың Ұлттық тағамдарын әзірлеген.

Бауырсақ пісіріп, ет асқан. Мерекеге жиналған жұртшылық Наурыз көжеден ауыз тиіп, дастарқан басын ән мен жырға бөлеген.

Қариялар жағы жастарға тағылым боларлық әңгіме тиегін ағытты.

“Біздің көшенің бойында Серікбай Бисетаев, Тыныштық Сейдахметов  сынды елге белгілі ақсақалдар тұрады. Олардың айтқан есті әңгімелері кейінгі өсіп келе жатқан ұрпақтарға өнеге боларлық. Қадірменді қариялар мерекелік дастарқан басында  жастарға ақ батасын берді. Бұл күні ешкім де аянып қалған жоқ. Балалар жағы қар-суға қарамастан асық ойнады, арқан  тартты. Енді мұндай басқосуды жыл сайын өткізіп тұрмақпыз”,– дейді еңбек ардагері.

Әлібек ЫБЫРАЙ

Жаңалықтармен бөлісу