Еуропа, Орта Азия елдеріне танымал режиссер Овлякули Ходжакули соғыс тақырыбына арналған «Үрей. ІІІ Империя» атты спектаклін қойды. Бұл қойылым театр жұмысын ілгерілетуге, көрермендер талғамын кеңейтуге, олардың сұранысын өтеуге ықпалы бар тәжірибе екені сөзсіз.
«Жылдың бірінші премьерасына келіп отырмыз. Режиссер арнайы Англиядан ат басын бұрып, ерекше қойылымды тарту етті. Көрермендердің көзайымы болған шығармашылық ұжымға алғысымыз шексіз», – дейді облыс әкімінің орынбасары Ринат Мұхаметқали.
Режиссер осы бір дүниенің көрерменге жетуіне төрт айға жуық уақытын сарп еткен. Қостанайға осыдан үш апта бұрын келіп, классик туындысын таныстырып отырған беті осы.
«Әлем классигі менің ең сүйікті авторларымның бірі. «Үшінші империядағы қорқыныш пен торығу», «Баяғы сарбаз, сол сарбаз», «Кураж шешей мен оның балалары» шығармаларын пьесаға бейімдеп, көптен бері көрерменге көрсеткім келді”, – дейді қойылымның режиссері Овлякули Ходжакули.
Зұлымдық бәрін арбайды, ал күш пен билік зұлымның қолында тұрғанда кедей-кепшіктер оған оп-оңай мойынсұнады. Алайда түбінде әділеттілік жеңіп шығатынын білеміз. Бұл Бертольт Брехт шығармаларындағы айтылар ойдың негізгі ерекшелігі.
«Бертольт Брехттің шығармалары қазақ драма театрларында өте сирек қойылады. Онда да «Кураж шешей мен оның балалары» атты шығармасы ғана сахналанды. Қостанай қазақ драма театры Бертольт Брехтті кеңірек қамтуды жөн көрді. Онда соғыспен қатар, қоғам дамуындағы адамзаттық мәселелер көп көтеріледі. Овлякули Довлатмурадұлы секілді халықаралық деңгейде жұмыс істейтін режиссерден шығармашылық ұжымның үйренері де көп”, – дейді театр директоры Азамат Чукеев.
Театр әртісі Ақдәмен Досанова Лондоннан келген режиссердің жұмыс істеу тәсілі жас актерлерге сабақ болғанын айтады.
«Бұл пьеса сахнамызда алғаш рет қойылып жатыр. Адамзат жоқшылыққа, соғысқа қарсымыз. Сол жөнінде көбірек баяндалады. Бізге керек емес дүниелерді түсіндіріп, актерлер оны жағымсыз рөлде алып шығып жатыр”, – дейді Ақдәмен Досанова.
Қойылымның жарыққа шығуына тамшыдай болса да үлесін қосуға ат салысқандардың бірі – ақын, драматург Абылай Мауданов.
“Осы театрда екі аудармам сахналанды. Тәжірибе жағынан ұжымым өзіме әбден сенеді. Бірақ мынау Бертольт Брехтті бергенде аударудан бас тарттым. Себебі күрделі әрі астары мол шығарма. Менің аударғаным – репликадағы өлеңдері ғана. Одан басқа үлесім болды деп айта алмаймын. Жалпы шығарма күрделі екенін айттық. Қостанайлықтарға қаншалықты қажеті бар екенін білмеймін, Еуропаның деңгейінде Лондоннан келіп жатқан режиссер қойып жатқасын артықшылығы бар шығар, алайда осы сахнадан өзіміздің ұлттық құндылығымызды көрсететін дүниелерді көргіміз келеді”, – дейді Абылай.
Иә, осы кезде біздің Ілияс Омаров атындағы облыстық қазақ драма театры ғана емес, жалпы Қазақстандағы өнер ұжымдары шетелдің спектакльдеріне құмар болып кеткен жоқ па деген күдігімізді жасырмаймыз.
“Біздің Қостанай – Серке Қожамқұлов, Қапан Бадыров, Елубай Өмірзақов секілді театр марғасқаларының отаны. Қостанайда алғашқы «Аманкелді» фильмінің сценарийін Ғабит Мүсіреповпен бірігіп жазған Сәкен Жүнісов деген керемет драматург жұмыс істеген. Сол кісінің дүниелерін неге қоймасқа? Би ағаның да қойылымдарға сұранып тұрған шығармалары баршылық. Аштық туралы бола ма, қазақтың осы жерден шыққан қайраткерлері туралы бола ма айта берсе толып жатыр. Өз басым бұл қойылым көңілімнен шықты деп айта алмаймын. Жастар қатысып отыр екен, оларға қандай тағылымдық, тәрбиелік мәні бар? Гитлердің кім екенін, фашизмнің не екенін көрсеткісі келді ме екен? Әрине, жақсылық пен жамандық. Зұлымдық пен мейрімділіктің ара қатынасын психологиялық талдап түсінуге болғанымен, дәл осы пьесаны жастарға ұнайды деу қиынырақ”, – дейді ақын, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі Ақылбек Шаяхмет.
Драматург Мұрат Шаймерденов шығарманың гректердің бөлек мәнерімен жазылғанын айтып отыр.
“Соны халық көріп, түсіну керек. Қойылымда режиссер әкесін сатқан, баласын сатқан адам тағдырының соңы қалай болатынын көрсеткісі келген”, – дейді Мұрат Шаймерденов.
Ал, тарихшы ғалым Аманжол Күзембайұлының пьеса жайлы айтары мүлде бөлек. Ол өнер ордасына жан-жары Тамара Қайыржанқызымен келген екен.
“Театрға демалуға келіп едік, актерлердің айқайынан әбден шаршадық. Қойылымның мазмұнын жай сөйлеп те түсіндіріп, көрсетуге болады. Көрерменнің бұл сыни пікірлерін ұжым жақсы жағына бейімдеп, ескеруі керек. Турасы, қойылымда екіұштылық көп. Түсінетін адам түсінеді, түсінбейтіні түсінбейді дегендей мәселе болып тұр. Ойымыздағы айта алмай жүрген дүниелерді театрдың тілімен айтып та жатыр. Оны бәрі ұға бермейді. Бір сөзбен айтқанда, бұл қойылым ортақ көрерменге арналмаған. Нағыз театр мамандарының көретін дүниесі”, – дейді Аманжол Күзембайұлы.
Ал Тамара Қайыржанқызы қойылымнан көп ой түйгенін айтып жатыр.
“Әсіресе, қойылымдағы соңғы көрініс адамды біраз ойға жетелейді. Әке мен баланың арасындағы саяси жүйе жастарды тәрбиелегенде қалай ықпал етеді. Оның соңғы нәтижесі қалай болады? Қойылымда көрсетілгендей, әкенің баладан қорқуы деген сұмдық дүние” , – дейді Тамара Қайыржанқызы.
Осы айтылған сын-мақтаулардан кейін біршама жастардың да қойылым жайлы ойларын білуге тырыстық. Көбі шағын үзіліс арасында шығып кетіп жатты. Жастардың дені әйтеуір мазмұнының соғыс туралы екенін білгенімен, мәнін терең түсінбегені байқалады. Иә, жастар қайдан ұқсын? Қойылымда ғибадатхана алдында екі адам бірін-бірі жағынан ұрып құлатып ойнайды. Терезесінен сығалаған адамды қарақшылар балтамен шауып өлтіреді. Осы секілді түсініксіз жұмбақ көріністер көп.
Шығарманы басынан аударып шыққан аудармашы журналист Нәзира Жәрімбет пьесаның эпизодтарын оның күреділігімен түсіндіреді.
«Бертольт Брехттің шығармасын аудару оңай болған жоқ. Өте күрделі, бәрін тұспалдап жеткізеді», – дейді Нәзира Жәрімбет.
Дей тұрғанмен, режиссер осы күннің өзекті мәселесін көтеруге тырысты. Соғыс тақырыбы қашан да маңызды. Өйткені бейбіт өмірді қалайтын қарапайым халық үшін соғыстан ауыр нәубет жоқ.
Айбек ҒАЛЫМҰЛЫ
Суреттерді түсірген Бердіболат Көркембаев