Шалғайдағы ауылдағы рухани кеш қалай өтті?

Шалғайдағы ауылдағы рухани кеш қалай өтті?

“Ауыл және мәдениет”  жобасының алғашқы іс шарасы Жаркөл ауылдық округі Тәуіш ауылынан бастау алды. Дәлірек айтқанда, бұл жоба Жанкелдин аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Жанар Асанқанқызының бастамасымен ұсынылған еді.

Бұған дейін Жанар Асанқанқызы ол жақтағы мәдени ахуалдың кемшіліктерін айтып, ауыл клубтарының жағдайын көтеруге жұмыла атсалысу керектігін көтерген еді. Міне, сол жұмыстардың бастамасы ретінде биыл 4 семинар және 8 ауқымды іс-шара жоспары бекітілді.

“Бұл жобаның негізігі мақсаты – ауылдың мәдени ошақтары клуб пен кітапхананың және мектептің бірлесуімен ауылдық жерлерде мәдениетті жандандыру. Ауылдың мәдениеті – сол ауыл халқының жаратылысындағы өзіндік құндылығын, қадір-қасиетін, бет ажарын айқындап тұратын тұғырлы төлқұжаты сынды. «Театрсыз ел тобырға айналады» деген тәмсілдің сыры осында. Осы тұрғыдан келгенде ел мәдениеті мен өнерінің мәртебесін арттыру бағытында іске асырылып жатқан жаңа жобаның мән-маңызы зор”, – дейді бөлім басшысы.

Ол іс-шараға ауданның барлық ауылдық округ пен ауыл клубтарының меңгерушілері, кітапханашылары қатысқан. Жобаның маңыздылығының бірі ауылдардағы мәдениет ошақтарының бір-бірімен тәжірибе алмасуы және бәсекелестіктің артуында болып отыр.

Кештің ерекшелігі ауыл халқының еңбектеген баладан, еңкейген қарияға дейін атсалысып, өз-өнерлерін паш етті. Ақынның жыр шумақтары оқылып, өмір жолынан көріністер қойылды. Жүректен ерекше орын алған әндері де шырқалды.

“Мұзбалақ ақынның әр өлеңінен шабыт алып, қанаттанған ауыл халқы Мұқағали Мақатаевтың өмірі мен шығармашылығынан рухани сусындады.  Поэзияның адам жанын жақсылыққа, ізгілікке, сұлулыққа тәрбиелейтін қасиеті бар. Мұқағали жырлары – әр адамға күш-қайрат, рух беретін өзгеше бір әлем”, – дейді Тәуіш ауылының әкімі Бақыт Төлебаев.

Көңілді сергіткен, рухани демалыс сыйлаған кеш көрермендердің есінде ұзақ сақталары сөзсіз.

«Бүгінгі поэзия кеші жоғары деңгейде ұйымдастырылды. Ұлттық құндылықтарымыздың бастауы мәдениетімізде. Өзім ауыл кітапханасының тұрақты оқырманымын. Көптеген ақын-жазушылардың кітабын жиі алып, оқып тұрамын. Бүгінгі кеште Мұқағалидың шығармасын оқыдым. Бұл мен үшін үлкен бақыт. Осындай тәрбиелік мәні бар іс шаралар көбейе берсін», – дейді зейнеткер ұстаз Тыныштық Баймолдина.

Кеш соңында Қаратүбек орта мектебінің директоры Ғабдымажит Сәдуақасовқа аудан әкімі Шота Сәбитбекұлының алғыс хаты табысталды. Сонымен қатар, осы кеште белсінділік танытып, ат салысқан қатысушылар Жангелдин ауданының мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Шалабай Жанар Асанқанқызының алғыс хатымен марапатталды.

Әсел ҚИБАШ

Жанкелдин ауданы

Жаңалықтармен бөлісу