Киелі 7 саны «Ұлттық домбыра» күнінің басты ерекшелігі болмақ

Киелі 7 саны «Ұлттық домбыра» күнінің басты ерекшелігі болмақ

 Биыл «Ұлттық домбыра» күні ерекше аталып өтеді деп жоспарланып отыр. 7-ші айдың 7-ші жұлдызында сағат кешкі 7-де қазақтың 7 күйі бір мезетте орындалмақ. Осылайша киелі 7 саны домбыра күнімен ұштасып, мерекеге ұласпақ.

Бұл бастаманы облыстық әкімдік, облыстық мәдениет басқармасы, білім беру басқармасы, облыстың мәдени ошақтары, өңірдің қолына домбыра ұстаған барша өнерпаздары қолдап отыр. Естеріңізде болса, бұған дейін де алдымен Аманкелді ауданында, одан қалды Арқалық қаласында мың домбырашы бір мезетте күй тартып, жұртты тәнті етіп, таңқалдырған болатын. Ал бұл бастама одан да ауқымды әрі кең болмақшы.

Осы бастаманы  жан-жақты ойластыру үшін облыстық халық шығармашылығының басшысы Дәмер Қалқаев облыстық күйшілер одағының басшысы Батырбек Байназаров, белгілі күйшілер Ыбырай Есжанов, Мұрат Хамитов және музыканттармен, аудан-қалалардағы домбыра үйірмелерінің жетекшілері секілді өнерпаздардың бас қосып, (келе алмағандарымен онлайн) кездесу өткізді.

            “Бұл бұрын-соңды болмаған ауқымды жоба болғалы тұр. Бастаманың дұрыс өтуі үшін бүгіннен дайындық, келіссөздер керек екені белгілі. Бүгінгі басқосуда Тобыл-Торғай өңірінің барша жаны қазақ, өнер дегенде ішкен асын жерге қоятын өнерпаздарымен ақылдысып, жоспар құрудамыз. Іс-шара еш шашаусыз өтуі үшін оның техникалық, өзге де жақтарын сайлап алуымыз керек. Бастысы облыстық әкімдік, өзге де мәдени ошақ ұжымдары қолдау білдіруде. Оларға айтар алғысымыз көп”, – дейді орталық басшысы.

Енді осындай басқосулар ай сайын өтіп, өзге де өнерге қатысты өзекті тақырыптар талқыланып, мектептерде белгілі күйшілер шеберлік сағаттарын қосымша өткізбек.

Бұл келешек ұрпақтың бойында патриоттық сезімді ұялатып, өнерге деген сүйіспеншілігін арттыра түсетні белгілі. Бір мезетте қазақтың танымал күйлерін орындап, елдің атын шығаратын күн жақын.

Айтолқын АЙҚАДАМОВА

Жаңалықтармен бөлісу