Үздіктерден үздік шықты

Үздіктерден үздік шықты

“Тәуелсіз ел жастары” қоғамдық қоры ұйымдастырған «Қазақстанның үздік мәдениет қызметкері» Республикалық байқауында белгілі қолөнер шебері, Арқалық қаласының құрметті азаматы Шөптібай Байділдин жеңімпаз атанды.

Даңқты жерлесіміз дүбірлі додадағы жеңісі үшін «Қазақстанның үздік мәдениет қызметкері» төсбелгісімен және Алғыс хатпен марапатталды.

  «Бұл байқаудың шоқтығының биік екені атынан ақ көрініп тұр. Ұйымдастырушылар хабарласып, Президенттің мәдениетті дамыту ісін алға апару жөнінде республикалық мәдени саланы дамыту қоғамдық қоры құрылғанын, еліміздегі өнерлі адамдарды насихаттау барысында конкурс жарияланғанын айтты. Байқау талабында: қатысушының атқарған қызметі, жасаған ісі, көрсеткен өнері тәрізді түрлі салалар қамтылған екен. Содан, 77 жасымда тағы бір топқа түсіп, бағымды сынап көрейін деп қатысуға бекіндім», – дейді Шөптібай Байділдин.

Бұған дейін қолөнер құдіретін бойына сіңірген, арғы – бергі тарихты бір кісідей білетін, өлке шежіресінің өрен жүйрігі Шөптібай Байділдәұлы «Үздік өлкетанушы» атанған болатын.

Шөптібай Байділдин – Әлемдік «Шыңғысхан» академиясының «Құрметті академигі». Облыстық «Қазына» меценаттар сыйлығының 2 мәрте иегері. Бірнеше төсбелгілердің, мақтау грамоталардың иесі.

 

 Мұрат Жүнісұлы

Арқалық қаласы

 

Жаңалықтармен бөлісу