Арқалық қаласы білім бөлімінің басшысы Есланбек Мәметеков «Жылдың үздік маманы» төсбелгісімен марапатталды. Сонымен бірге, оған Қазақстан Республикасы «Bilim orkenieti» ұлттық инновациялық ғылыми-зерттеу орталығының І дәрежелі дипломы табысталды.
Ол «Қазақстан Республикасының жылдың үздік маманы» атты республикалық байқауына қатысып, жеңімпаз атанған еді. Конкурс Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам» атты Қазақстан халқына Жолдауын қоғамға кеңінен насихаттау мақсатымен өткізілген.
Сондай-ақ, Есланбек Жеңісұлына ҚР Парламенті Сенатының депутаты, Әлеуметтік мәдени даму және ғылым комитетінің төрағасы Нұртөре Жүсіптің Құттықтау хаты да қоса тапсырылды.
Құттықтау хатта тәу етер Тәуелсіздігіміздің халқымыз үшін қашанда киелі ұғым екені, Президенттің «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» атты мақаласында жас ұрпақты елі мен жерін сүюге шақырғаны, келешек ұрпақтың санасына білім мен тәрбиені қатар егіп, оларды елдің ұлтжанды ұрпағы ретінде қалыптастыруда, Қазақстанның өркениетті елдер көшінен қалмай қарыштап дамуы үшін білім мен ғылымның маңызы зор екені айтылған.
«Қасиетті Торғайдың топырағында алғаш білім ұясын ашқан Ыбырай Алтынсарин, қазақтың тұңғыш әліпбиін жасаған Ахмет Байтұрсынұлындай тұлғалардың еңбегі бүкіл қазақ халқына үлгі-өнеге. Игі жақсылардың топырағында туып, ізгі жолын жалғастырған, бүгінде Жаңа Қазақстанның жас ұрпағына сапалы білім беруді мақсат еткен өзіңізге шынайы алғысымды білдіремін», – делінген хатта.
Мәртебелі марапатты қала әкімі Әмірхан Асанов салтанатты түрде табыс етті.
Мұрат Жүнісұлы
Арқалық қаласы