Мемлекеттік қызметте шығармашылыққа шектеу жоқ

Мемлекеттік қызметте шығармашылыққа шектеу жоқ

Қоғам алдында ресми мемлекеттік қызметшілер көптің назарына түсіп, есімдері еленіп жүр. Дегенмен  кәсіби өмірден тыс дүниелерге де қызығушылықтары бар екеніне үңіле бермейміз. Бірінің спортқа, енді бірінің шығармашылыққа бейімі бар. Бұл машықтары мемлекеттік қызметшілердің  жан-жақтылығын көрсетеді. Бүгін сіздерді қызметімен шығармашылығын қатар алып жүрген  қаржы-шаруашылық бөлімінің басшысы, аудан әкімі аппаратының бас бухгалтері Динара Әбдіғапарқызы Қызылбасовамен таныстыруды жөн көрдік.

Динара Жітіқара ауданының Мүктікөл ауылында дүниеге келген. Еңбек, шаруашылық, бақша дегеннің не екенін жақсы біледі. Қиын-қыстау тоқсаныншы жылдары Динараның ата-анасы сауда-саттықпен айналысып, ол көбінесе фермада қалатын. Сондықтан балалық шағында ол жан-жағына жауапкершілікпен қарауды үйренді. Бұл қасиет оған қазіргі жұмыста да пайдасын тигізіп жатыр.

Ол үшін мемлекеттік қызметке апаратын жол оңай болған жоқ. Қаржы қызметімен байланысты мамандықты алған Динара Әбдіғапарқызы кез келген жұмысқа кірісіп, хатшы, бухгалтер болып та көрді. Ең алғаш мемлекеттік қызметке 2009 жылы Шевченков ауылы әкімі аппаратының бухгалтері болып кіріскен еді. 2018 жылы ол қаржы-шаруашылық бөлімінің басшысы, аудан әкімі аппаратының бас бухгалтері лауазымына тағайындалды. Оған жора-жолдастары – Рыскүл Қуантаева мен Гүлбаршын Баймұхамбетовалар тәжірибе жинақтауға көмектесті. Қазір әріптестері Динараны өте сауатты әрі жоғары кәсіби маман ретінде біледі.

Алайда ол есеп-қисап, хаттамалармен ғана шектелген жоқ. Ол өте позитивті әрі шығармашыл адам екенін де байқата білді. Қолдан жастайынан кәсіби тұрғыда бірегей заттар мен  ойыншықтар тоқумен шұғылданды. Анасы Алтын Ұзаққызы оның тоқуға деген сүйіспеншілігін оята түсті. Олар әр кешті тоқыма,  инелер мен үлпілдеп иірілген жіптермен бірге өткізетін…

«Әлі есімде, бәрі балалардың жылы жамылғысынан басталды. Содан кейін қызыма сыйлық болсын деп  сүйкімді қоянымды тоқып шықтым. Ол ойыншық ешкімді бейжай қалдырмады, ісімізге үлкен жарнама болды десем де болады. Содан бері ол барлық сыйлықтарды жақындарыма, туған-туыстарыма және достарыма өз қолыммен жасап келемін», – дейді ол.

Динараның бұл бұйымдарының зауыттан шыққан зөнімнен айырмашылығы жоқ.  Оның әрбір ойыншығы ерекше тартымды.

«Бұл әрбір бұйымға жан-жүректің бір бөлігі салынады. Осы  хобби, мен үшін үлкен медитациямен тең. Жанымды әрдайым тыныштандырып, балалар үшін қуаныш сыйлайтынына масаттанамын», –  деп тебіренді кейіпкеріміз.

Динараның бұл жұмысы негізінен балаларға арналған. Оның қолынан дорба, балалар байқаулары мен көрмелеріне арналған қолөнер бұйымдары да шығады.

«Маған бұл қабілет әкем Әбдіғапар Әлмағамбетұлынан дарыған. Ол кісі суретті жақсы салады. Шығармашылық адамы әрқашан өзінің шабытына жол табады деген ойдамын», – дейді өнер иесі.

Жітіқара ауданы

@gazetakm

Жаңалықтармен бөлісу