Рудный қалалық балалар мен жасөспірімдерді дамыту және шығармашылық сарайы салынғалы жөндеу көрген емес. Әбден ескеріп, күтімнің арқасында тұрған еді. Ал бұл жерге қаланың барлық баласы келіп, шығармашылықпен айналысып, бос уақытын пайдалы өткізеді десе де болады. Қазіргі уақытта 900 оқушы түрлі үйірмеге қатысып жүр. Балғындар үшін 32 үйірме жұмыс істейді. Осындай маңызы жоғары ғимаратқа 90 млн қаражат бөлініп, жөндеу жұмыстары жүргізілді. Есік, терезелері, жылу жүйелері, кабинеттер, суға түсетін бөлмелер түгелімен жаңарды. Оқушылар да, ата-аналар да дән риза. Жарық, жылы әрі берекелі болып шыға келді.
–Бұрын ғимарат салқын болатын. Әсіресе, бірінші қабаты айтырлықтай суық болды. Енді терезелер салынып, жылу жүйесі қалыпқа келген соң жып-жылы ұядай. Ендігі жылдары төбе жөнделіп, аулаға қоршау тұрғызылса деген тілегіміз бар, – дейді шаруашылық меңгерушісі Анна Гордиенко.
Аула да толығымен өзгерген. Төсемтас төселіп, орындықтар қойылған.
Хореография залдары, костюмер бөлмесі, сән театры да жаңарған.
–Жөндеу жұмыстары 2019 жылы басталды. Алдымен жылу жүйесін ауыстырдық. Көп бөлмелер салқын болатын. Концерт залына да жөндеу жұмыстары жүргізілді. Төбеден су ағатын еді. Енді айтарлықтай жаңарып қалды, – дейді шығармашылық үйінің директоры Ирина Баканова.
Татьяна Теплых 18 жылдан бері осы жерде жұмыс істейді. Балаларға қолөнерден сабақ береді. Моншақтардан түрлі тоқыма тоқиды.
–Балалардың қызығушылығы жақсы. Ғимараттың іші-сырты айтарлықтай жаңарды. Жап-жарық әрі жылы. Балалар қолөнермен айналыса отырып моторикалық дамиды, – дейді ол.
Бұл жерде машина айдатын картинг алаңы бар. Ондай алаң облыс көлемінде біреу ғана. Оны ERG компаниясы «Туған қала» жобасы аясында тарту еткен.
Айтолқын АЙҚАДАМОВА
Суреттерді түсірген Бағдат Ахметбеков
Рудный қаласы