Елімізде «Зымыран – 2023» Республикалық командалық- штабтық оқу – жаттығу іс – шарасы өтуде. Осыған орай, Арқалық қаласы бойынша азаматтық қорғаныс қызметінің де дайындығы пысықталуда. Қала сыртындағы әуежайдың ұшу-қону алаңында Арқалық қаласының шұғыл әрекет ету және азаматтық қорғау жасақтарының, техникалардың дайындығы қаралып, тексерілді. Іс-шараға қала әкімі Әмірхан Асанов, Қостанай облыстық төтенше жағдайлар департаменті басшысының орынбасары, полковник Жәнібек Кәрімбаев қатысты.
Еске сала кетсек, бұған дейін екі күн қатарынан қалада азаматтық қорғаныс қызметінің іс-қимылдары егжей-тегжейлі түсіндірілген дәріс өткізілген болатын.
«Зымыран-2023» оқу-жаттығуы аясында «Барлығыңыз назар аударыңыздар!» дабылы бойынша аумақтық деңгейдегі құлақтандыру жүйесінің әзірлігін тексеру мақсатында, барлық қолда бар дыбыстық электр сиреналары іске қосылады. Сондай-ақ, Арқалық қаласының су тазарту және теміржол стансасы ғимараттарында мекемелердің дайындықтары, іс- қимылдары тексеріліп, бағаланатын болады.
Мұрат ЖҮНІСҰЛЫ
Арқалық қаласы