Ел ішінде атом электр станциясын салуға қатысты қоғамдық талқылаулар өткізіліп жатыр. Қостанайда ұйымдастырылған бірінші ұсыныста ғалымдар АЭС-тің қажет екендігін айтып, бірнеше дәлел келтірді. Ең әуелі энергетиканы өрістету қай елдің болсын даму дәрежесін көрсетеді дейді сарапшылар. Атом электр станциясы 100 жылға дейін ең “жасыл энергетика” болып есептелетін көрінеді. Сондықтан, өркениет көшіне ілесу үшін мемлекет үшін маңызды мәселені қолға алу қажет. Ғалымдар елде электр энергетикасына деген сұраныс күннен-күнге артып келе жатқанын айтады. Ал электр энергиясы жеткілікті көлемде өндірілсе, қазіргі күні ең маңызды мәселенің бірі – жылу жүйесін ретке келтіруге болар еді.
Екіншіден, электр желілеріндегі жабдықтардың жартысынан көбі тозған. Соның кесірінен бірқатар өңірде жарық жиі өшіп қалады. Атом электр станциясын салу мәселені шешудің тиімді жол дейді жиналғандар. Мамандардың сөзінше, бұл қоршаған ортаны ластайтын қазба отыннан бас тартуға септігін тигізер еді. Атом электр станциясын салу мәселені шешудің тиімді жолы.
– Қазақстанда АЭС салу халықаралық нарықта аса қолайлы. Сондықтан, көпке ұзамтпай атом энергетикасына көшуіміз керек. Бұл таза энергетика. Атомдық станция жел немесе күн станцияларынан қарағанда тиімді. Әрі қауіпсіз. Мәселен, соңғы кезде ұсынылып жатқан су энергетикалық реакторы ол алғашқысы 1957 жылы АҚШ-та, 1964 жылы КСРО-да ашылған. Содан бері бірде-бір рет апат болып көрді ме? Ештеңе болған емес. Ең сенімді, кәміл сенуге болатын реакторлардың бірі осы деп есептеймін. АЭС-ті Қазақстан осыдан бірнеше ондаған жылдар бұрын салу керек-тін. Бірақ, әлі де кеш емес. Оны бүгіннен бастап қолға алсақ, еліміздің энергетикалық ахуалы көп-көріп түзелер еді. Қазір Өзбекстан, Түркия, Беларусь, Мысыр елдері салып жатыр. Егер Өзбекстан бізден бұрын салатын болса, электр энергиясын бізге сатады. Ал біз уранның үстінде отырып, олардан электр энергиясын сатып алуымыз керек пе? Бұл – болашаққа жасалған нағыз қастандық болар еді, –дейді ҚР ядролық физика институтың Бас директоры Саябек Сахиев.
Негізі, АЭС салу мәселесін көпшілік қолдайды. Алайда, кейбіреуі оның зиянды жағын тізбелеп, оның құрылысын салуға үзілді-кесілді қарсылық танытудан тайынбай жүр. Олардың бойында күндердің күнінде Чернобыль, Фукусимада болған сияқты жарылысқа апарып ұрындырмай ма деген үрей басым.
–Халық бет алды қорқа бермеуі керек. АЭС-тің көп пайдасы бар. Өйткені, қазір күн санап экономикамыз өсіп жатыр. Ертең газ да, мұнай да таусылады. Сол кезде мұның пайдасы көп тиеді. Біз болашақ ұрпақ үшін жұмыс істеуіміз керек. Бүгінде өркениетті елдердің бәрінде атом электр станциясы бар. Яғни, оның тиімділігін біліп отыр. Менің ойымша, бізге бір емес, үш АЭС қажет. Біреуі жетімсіз,–дейді З.Алдамжар атындағы ҚӘТУ Президентінің кеңесшісі, физика-математика ғылымдарының докторы Қадырғали Жаманбалин.
Әлібек ЫБЫРАЙ
Суреттерді түсірген Бағдат Ахметбеков