Қазір Әулиекөлде өз еркімен кәсіп бастап жатқан жас отбасылар саны артып келеді. Облыс әкімі Қ.Ақсақалов Әулиекөл ауданына жасаған сапарында өз кәсіптерін дөңгелетіп отырған Сақауовтар отбасымен кездесті. Олар «Ақ шаңырақ» аталатын қонақжай салып жатыр. Ерекшелігі сол – екі қабатты ғимаратта 250 орындық банкет залы және жайлы жатақхана орналаспақ. Оқытушылар отбасына мұндай идеяны іске асыруға жатақханаға деген зор сұраныс себепші болған.
«Ауыл аманаты» несиесін алып, қонақжай құрылысын бастап кеттік. Енді жатақхана бөлігін толық жабдықтауға қаржы қажет. Екі рет грант конкурсына қатыстық, бұйырмады. Алдағы жылы тағы бақ сынауға ниет бар. Өйткені ауылда қонақ үй жоқтың қасы, тұрғындар мен қонақтар тарапынан сұраныс бар. Оның үстіне, орталықта екі-ақ үлкен мейрамхана жұмыс істеп тұр. Кейде босамай қалып жатады. Олардың да қатарын толықтыра түсер едік», – дейді отағасы.
Облыс әкімі жанұяның бұл талпынысы көп жасқа жақсы үлгі болатынын, грантты міндетті түрде бөлгізетінін айтып, мерейлерін бір өсіріп қойды.
Жандос ЖҮСІПБЕК
Суреттерді түсірген Б.Көркембаев