Арқалықтағы ШақшақЖәнібек Қошқарұлының 330 жылдығына орай ұйымдастырылған кешке қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы Түбекбай Әубәкіров, белгілі өлкетанушы, Арқалық қаласының құрметті азаматы Шөптібай Байділдәұлы, Ы.Алтынсарин атындағы Арқалық педагогикалық институтының аға оқытушысы, тарихшы Баубек Елеуісов қатысып, студент жастарға батыр баба жайлы тарихи деректерді кеңінен әңгімелеп берді. Еліне еңбегі сіңген елеулі тұлға жайлы ұсыныстарын айтты.
Қазақ халқының жоңғар шапқыншылығына қарсы азаттық күресінің қаһарманыШақшақ Жәнібек (1693-1752) Қостанай облысы, Жангелдин ауданы, Тосын құмында дүниеге келген. 17 жасында Тәуке ханның қолымен бірге жауға шауып, жекпе-жекте қалмақтың бас батырын мерт қылған. 1723 жылдан бастап Бөгенбай, Қабанбай, Малайсары, Райымбек, Өтеген батырлармен бірге жоңғар шапқыншылығына тойтарыс берген. 1732 жылы жоңғар әскерлері Орта жүзге шабуыл жасағанда қазақ әскерлеріне басшылық еткен. Кейін Абылай сұлтан, Әбілмәмбет хан, Қабанбай, Бөгенбай батырлармен бірге Орта жүздің Ресейдің қоластына өтуін ресми тіркеген құжатқа қол қойды. 1743 жылы 11 шілдеде Ресей патшайымының жарлығымен тархан атағы берілді.
1993 жылы Торғай төсінде мәмілегер, дипломат, әрі шешен, әрі би қарадан шықса да хандық дәрежеге атақ – даңқын халқы жеткізген батыр бабаның 300 жылдық мерейтойы елінің еңсесін көтеріп, республикалық деңгейде аталып өтті.
Іс-шара барысында Жангелдин ауданының орталығындағы Шақшақ Жәнібек музейіне виртуалды саяхат жасалып, өнерлі жастар кешті әнмен әрлеп, күймен көмкерді.
«Шақшақ Жәнібек өз елінің дана билеушісі. Елін жаудан қорғаған батыр ретінде ұрпақ жадында жарқын, ұмытылмас із қалдырған қайраткер. Батыр бабамыздың ерлігі мен есімін өскелең ұрпаққа Отанды сүюдің озық үлгісі ретінде қалдыру – біздің басты парызымыз»,– дейді кештің жүргізушісі, кітапханашы Еркінғазы Айтбаев.
Тағылымды кешті кітапхана басшысы Қазына Бөрібаева қорытындылап, қонақтарға алғысын білдірді.
Мұрат ЖҮНІСҰЛЫ
Арқалық қаласы