Ұрпақтар сабақтастығы ұлықталатын мереке

Ұрпақтар сабақтастығы ұлықталатын мереке

Күз мезгілі ерекше әдемі. Айнала алтын түске бөленіп, табиғаттың өзі құбылып, түр-түсін өзгертеді. Осы керемет мезгілде қарттар күні аталып өтеді. Кейде маған күз бен осы мерекенің өзі астасып тұрғандай көрінеді. Орталық баққа барсаңыз үлкен кісілер таза ауада серуендеп, жарасымды әңгімелесіп отырады. Кейбірі әлі де тыным көрмей, бау-бақшасын реттеп, қамбаларын жеміске толтырады. Мұның бәрі де еңбек етіп үйреніп қалғанның жемісі. Біздің қалалық ардагерлер кеңесінің мүшелері қай жағынан да белсенді. Өмірдің ағымынан қалған емес. Қазір біз алда келе жатқан мерекенің жай-жапсарын ойлаудамыз.

Қарттар күнін атап өтудегі басты мақсат – аз қамтамасыз етілген қарт адамдарға, жалғызбасты қарт зейнеткерлер мен қарт мүгедектерге көңіл бөлу, оларға материалдық, әлеуметтік-тұрмыстық және басқа да көмек түрлерін көрсету.  Бұл күні біздің елімізде ғана емес, әлемнің түкпір-түкпірінде қарттарға арналған мерекелік іс-шаралар өткізіліп, ересектер тарапынан қарияларға көмек көрсетілетін алуан түрлі жобалар ұйымдастырылып, мемлекет арнайы жәрдемақылар тағайындайды.

Жыл сайын қалалық ардагерлер кеңесі ішкі саясат бөлімімен, әлеуметтік жұмыспен қамту орталығы және мәдениет бөлімімен біріге отырып Қарттар күнін ерекше өткізуді, қарттарды қолдау айлығын ойластырып, жоспарлайды.

Қаладағы 5-емхананың медициналық қызметкерлерімен, салауатты өмір салтын қалыптастыру орталығының қызметкерлерімен  кездесулер өткізіп, шашка, шахмат, үстел теннисі, бильярд, «Текстильный» және «Элеваторный» шағын аудандарында скандинавиялық жүрістен түрлі жарыстар дәстүрлі түрде өтеді. Үй аулаларында орналасқан жаттығу құрылғыларында да жарыстар өтеді. Біздің тұрақты медициналық комиссия Б. Дүйсембаеваның басшылығымен зейнеткерлерге көмек ретінде «Жадымыз бен миымызды жаттықтырамыз» атты кітапша да шығарды. Осылай тізбектей берсе атқарылған істер өте көп. «Элеваторный» шағын ауданының зейнеткерлері «Қазақтелерадио» АҚ қолдауымен Қайырбеков көшесінің бойындағы алаңқайға гүл отырғызып, оларды баптап, сол жерде бос уақыттарында бас қосады.

Қалада тұрғылықты жеріне қарай зейнеткерлер мен ардагерлердің басын қосатын 13 шағын аудан бар. Олардың ішінде көп жылдан бері ардагерлер кеңесін басқарып келе жатқан білікте зейнеткерлер де бар. Мысалы, Галина Нечитайло «Железнодорожный» шағын ауданындағы арагерлер кеңесін 15 жылдан бері басқарып келеді. Ол «Бақша өнімдері» көрмесін бірнеше рет ұйымдастырды. Суда жүзу клубын ашып, вокалдық ансамбьлді де құрған еді. Жетекшісі талантты музыкант Лариса Сергазинова.

«Алтын арман» шағын ауданында орналасқа үйлердің жертөлесінде стационарлық клуб бар. Ол жерде шахмат, шашка, тоғызқұмалақ, бильярд ойнап, жеңімпаздарға сыйлықтар да берілді. Биыл Наурыз мерекесін де атап өтті.

Осындай жақсы мысалдарды көптеп айтып, тізе беругі болады. Дегенмен қалада тұратын әрбір зейнеткерге бару мүмкін емес. Бүгінгі күні қалада 38 568 зейнеткер тұрады екен. Бірақ қолдан келгеннің бәрін жасап, әр зейнеткерді назардан тыс қалдырмауға тырысады. Қаланың бар жаңалығынан қалмай, үлес қосуға ұмтылады.

Қалалық ардегерлер кеңесі Қарттар күніне алдын ала дайындалып, жоспарлап қойды. Оны қала әкімінің орынбасары М.Шүленовпен, қалалық мәдениет бөлімінің басшысы С.Әзімжановамен, «Мирас» мәдениет сарайының директорымен ақылдасып, келісілген.

«Мирас» мәдениет сарайында 1 қазан күні сағат 11-де мереке бастау алып, биыл жаңа форматта өтеді. Дайындық барысында қаладағы шағын аудандардың «Кружева», «Встреча друзей», «Подруги» вокалдық ансамбльдерінің репертуарын тыңдайды. Осылай алғашқы рет вокалды ансамбльдердің фестивалі өтеді. Мереке күні қолөнер және қылқалам шеберлерінің көрмесі қойылады. Мерекелік күн ретро-дискотекамен аяқталады. Айлық аясында шахмат пен шашкадан жарыс турнирлері өтіп, үстел теннисі мен бильярдтан жарыс болады. Жеңімпаздар сыйлықпен марапатталады. Жарыстың уақыты қосымша хабарланатын болады.

Мереке аясында қаланың шағын аудандарында оқу орындарының, кәсіпорындардың қатысуымен зенеткерлерге құрмет көрсетіледі. Қалалық мекемелер қайрымдылық көмек көрсету үшін бізден зейнеткерлердің тізімін сұраған да болатын. Қарияларды қуантамыз десе тізім беруге біз қашанда дайынбыз. Бұл мерекенің маңызы жоғары. Бұл тек көмек көрсету емес, ұрпақтар сабақтасытығын жалғайтын мереке. Еріктілер де, әрбір жұмыс орны, мекемелер өз ардагерлерін қуантып, алғыс білдіреді деп сенеміз.

Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев өз сөзінде:

            «Реформаларымыздың түпкі мақсаты – халықтың өмірін жақсарту. Ол үшін тұрғындардың табысын көбейту керек. Жайлы өмір сүруіне жағдай жасап, қауіпсіздігін қамтамасыз ету қажет. Азаматтардың өзін-өзі дамытуына барлық мүмкіндік жасалуға тиіс» деген еді.

            Татьяна Искандирова,

            Қостанай қалалық ардагерлер кеңесінің төрайымы.

Жаңалықтармен бөлісу