Атадан мирас болған абыройлы жол немесе ғасыр жүгін арқалаған ұстаздар әулеті

Атадан мирас болған абыройлы жол немесе ғасыр жүгін арқалаған ұстаздар әулеті

 

Сарыкөл ауданы Большие-Дубравы ауылында еңбек өтілі ғасырдан асатын ұстаздар әулеті тұрады.

Шәймерденовтар отбасының педагогикалық сабақтастығы сонау 1890 жылдан басталады. Оның негізін аталары Шәймерден Таубаев қалаған.

Ол ХХІ ғасырдың аяғы мен ХХ ғасырдың басында өмір сүрген Абай Құнанбайұлы, Бекет Өтетілеуов, Антон Макаренко сияқты ұлы тұлғалар мен басқа да белгілі педагогтердің замандасы болған. Өзінің жинаған ақшасына алғашқылардың бірі болып қазіргі Сарыкөл ауданының бұрынғы Еңбек ауылында қырғыз-орыс мектебін ашты. Жұмысқа келген мұғалімдерге өз қаржысынан еңбекақысын төлеп отырған.

Шәймерден ақсақалдан тараған ұрпақтар бүгінде ел абыройына бөленіп, ұстаздық жолды жалғап келеді.

–Менің әкем атам туралы көп әңгіме айтатын. Атам Шәймерден Таубаев алдымен ауылда молда болған. Сосын мұғалім болып, мектеп ашқан. Оның бастамасымен 1908-1910 жылдары қазіргі Сарыкөл ауданының Еңбек ауылының аумағында алғашқы орыс-қырғыз мектебі ашылды. Бірақ, ол діни рәсімдерді атқарды деген желеумен 1937 жылы үлкен ұлымен бірге қуғын-сүргінге ұшырап, Сібірге жер аударылып кетіпті. Сол кезде менің әкем 8 жаста болыпты. Бірақ, бәрі есінде бар. Осы оқиғаларды маған үнемі айтып отыратын. Мен әкемнен «Елге неге ертерек бармадыңдар? – деп сұрағанда: “Ол кезде қалай барасың? Мен халық жауының баласымын ғой, қорықтық», – деп айтқан еді. Мен есейгеннен кейін 1986 жылы тарихи отанымыз – Қазақстанға оралып, атамның елге аман-есен барып, елге қызмет етіңдер деген аманатын орындап, ісін жалғастырдық, – деп әңгімесін әріден бастады немересі, ұлағатты ұстаз Сүйіндік Шәймерденов.

Атадан мирас болған абыройлы жол – педагогикалық қызметті Сүйіндік Харесұлы 1994 жылы Тимирязев орта мектебінен бастады. 2002 жылы Лесной орта мектебінің директоры лауазымына тағайындалды. 2017 жылдан 2021 жылға дейін Большие Дубравы ауылдық округінің әкімі болып қызмет атқарды. Қазіргі таңда педагогикалық қызметке қайта оралды. Тарих пәнінен сабақ береді.

Бүгінде Лесной мектебінде онымен бірге жұбайы Зүбайра Шәймерденова, қызы Әсем (жолдасымен бірге) еңбек етеді. Олар өз әріптестері арасында жоғары беделге ие. Ұстаздық жолда жүріп, сый-құрметті де көріп, марапатты да алып жүр. Шәймерденовтар әулетінің жалпы еңбек өтілі – 3 буында 133 жылды құрайды.

–Ұстаздық жол – даналық жолы. 30 жылға жуық халықтың баласына осы даналық жолды іздеп табуына жол ашып келемін. Еңбек жолымды Тимирязев мектебінен бастағанмын. Атадан мирас болған абыройлы жолды абыроймен атқарып, ұстаздар әулетін жалғастырып отырмын. Менің ойымша, ұрпақтар сабақтастығы үлкен рөл атқарады, үлкендердің тәжірибесін пайдалана отырып, жоғары нәтижелерге қол жеткізуге көмектеседі, отбасы мүшелерінің ерекше дүниетанымын қалыптастырады. Мұғалімнің әулетінде бұл әсіресе байқалады. Балалармен жұмыс істей білу, оларды сүю, оларға жан-тәнінің бір бөлігін бере білу аға ұрпақтың берген ерекше сыйына айналады. Өйткені, мұғалім – бұл елдің кішкентай азаматтарының тағдырына, парасаттылығына, сенімділігіне тәуелді адам, –дейді кейіпкеріміз Сүйіндік Харесұлы.

Жауапкершілік жүгін арқалаған азаматтың ізін отбасындағы қызы Әсем жалғастырып жатыр. Ал, ұлы журналист маманы, бірақ бүгінде басқа салада тер төгіп жүр. Әкесі болашақта баласының жолын жалғап, Қазақстан білім беру жүйесінде үлкен жетістіктерге жететініне сенімі зор.

– Мен өз өмірімді білім алуға арнап, атамның жолын жалғап жатқанымды мақтан тұтамын. Біздің әулетте мұғалімдер көп. Бірақ, әке-шешем малшы болған адамдар. Әкемнің ағаларының қыздары мұғалім болған. Біреуі тарих ғылымдарының докторы болса, ал біреуі филиология ғылымдарының докторы. Олар Астана, Алматы қалаларында жұмыс істеген. Нағашы жағымда да ұстаздық қызмет атқарғандар баршылық.

Қазақтың белгілі кітапханашысы Нәзира Дәулетова менің атамның туған бөлесі. Сол кісі біздің үйге қонаққа келгенде маған мұғалім бол деп батасын берген еді. Мен үшін бұл қайталанбас тарихи сәт. Бір жағынан сол батаның қабыл болғаны деп те ойлаймын. Болашақта батамызды алған ұлым да ұстаздық жолды таңдап, біздің жолымызды жалғайтынына сенемін, – деп ағынан жарылды ұлағатты ұстаз.

Жалпы, ғасыр жүгін арқалаған бұл ұстаздар әулетін Большие Дубравы ауылы мен Сарыкөл кентінің халқы жақсы біледі, құрметтейді. Былтыр «Мерейлі отбасы» ұлттық байқауының аудандық кезеңінде жеңімпаз атанып, облыстық турында бақ сынап, аймақ басшысының дипломымен марапатталды.

 

Руслан ӘЛКЕЕВ

Сарыкөл ауданы

 

 

 

 

 

 

 

 

 

Жаңалықтармен бөлісу