Аманқарағай ауылында дене шынықтыру-сауықтыру кешені ашылды

Аманқарағай ауылында дене шынықтыру-сауықтыру кешені ашылды

Былтырғы Әулиекөл ауданындағы алапат  өрттен кейін Қостанай өңіріне жан-жақтан көмек берілген болатын.  Президент тапсырмасына сәйкес «Самұрық-Қазына» АҚ-да бұл жағдайға өз үлесін қосты. Аманқарағай ауылынан дене шынықтыру-сауықтыру кешенін салып беруге кірісті.  «Самұрық-Қазына» АҚ компаниялар тобының бірыңғай қайырымдылық операторы – «Samruk-Kazyna Trust» әлеуметтік жобаларды дамыту қорының қызметінің жүзеге асыруымен аумағы мың шаршы метрден астам, қос қабатты  спорт кешенінің құрылысы аяқталып, салтанаты түрде ашылды.

 

«Осында волейбол, баскетболдан, бадминтон мен үстел теннисінен және күрестен оқу-жаттығу шаралары, жарыстар өткізілетін болады. Алдағы уақытта үйірмедегі  бала санын 120-ға дейін жеткізу жоспарда бар. Шәкірттерді дайындайтын жаңадан мамандар әлі де қабылданып жатыр», – дейді дене шынықтыру-сауықтыру кешенінің директоры Дәулет Шәріпбаев.

 

Бұл спорт кешенінің ашылғаны ауыл тұрғындары дән риза. Әсіресе, осы салада елу жылға жуық еңбек етіп келе жатқан Серік Есенеев болашақта бұл жерден облыс, республика, әлем чемпиондары түлеп ұшарына нық сенімді.

«Бүгінде зейнет демалысында жүрсем де салаға әлі де үлесімді қосқым келіп тұрады. Кешегі тәжірибемді жастармен бөлісудемін. Тұрғындары жылма-жыл көбейіп келе жатқан ауылымыз үшін осындай нысандардың салынғаны құба-құп. Түбі осы жерден чемпиондар шығатынын зор сеніммен айта аламын», – дейді ол.

 

Манас Жалғасұлы осы Аманқарағай ауылына Арқалықтан арнайы жолдамамен келген жас мамандардың бірі. Торғай гуманитарлық колледжінің түлегі жиырма жасында-ақ облыстық, республикалық, халықаралық турнирлерді өз салмағында бағындырып үлгерген.

«Келешекте дзюдо күресін дамытып, осы ауылдың чемпиондарын шығару басты арманым», – дейді Манас.

Аталған нысанның ашылуына арнайы қатысқан «Самұрық-Қазына» АҚ басқарма төрағасы Нұрлан Жақыпов пен облыс әкімі Құмар Ақсақалов осы спортшылардың алдағы қадамдарына сәттілік тіледі, жаңадан ашылған нысанның лентасын қиды.  Спорт кешенін аралап көрді, үйірмеге қатысушылардың алғашқы дайындығын тамашалады.

Суреттерді түсірген Бердіболат Көркембаев

 

Жаңалықтармен бөлісу