Қостанай облысында заңсыз жанармай бактарын орнатудың 80 дерегі анықталды

Қостанай облысында заңсыз жанармай бактарын орнатудың 80 дерегі анықталды

«Қауіпсіз үй» жедел-профилактикалық іс-шарасы аясында Қостанай облысында заңсыз орнатылған қосымша жанармай бактарының 80 дерегі тіркелді. Бұл туралы  Polisia.kz хабарлайды.

Республика бойынша жыл басынан бері мұндай 595 құқық бұзушылық анықталған. Заңсыз орнатылған бактардың жалпы көлемі 159,5 тоннаны құрайды.

Аталған заңбұзушылықтар жанармайды ел аумағынан заңсыз әкетудің алдын алу бағытында жүргізіліп жатқан жұмыстар барысында анықталды. Мемлекеттік шекарадағы автокөлік өткізу пункттерінің 48-інің маңында полицияның тәулік бойы жұмыс істейтін бекеттері қойылған.

Заң талаптарын бұзған жүргізушілер ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 590-бабы 7-бөлігі бойынша әкімшілік жауапкершілікке тартылып, оларға айыппұл салынды. Көлік құралдарынан заңсыз орнатылған қосымша бактар алынып тасталды.

Сонымен қатар республика көлемінде «Қауіпсіз үй» жедел-профилактикалық іс-шарасы барысында полицейлер 576 мыңнан астам тұрғын үй мен өзге де нысанды тексерді.

Тексеру кезінде жалға берілетін пәтерлерге, саяжай үйлеріне, тұрмысы қолайсыз отбасыларға және профилактикалық есепте тұрған азаматтарға басымдық берілді.

Нәтижесінде көші-қон заңнамасын бұзудың 42 мыңға жуық дерегі анықталып, 9 мыңға жуық шетелдік жауапкершілікке тартылды. Сондай-ақ полицияға тұрақты тұрғылықты жері жоқ 3,5 мыңнан астам адам жеткізілді.

Профилактикалық жұмыстар аясында тұрғындармен 12 мыңнан астам кездесу өткізіліп, 398 мыңға жуық ақпараттық жадынама таратылды. Азаматтардан түскен 4,5 мыңнан астам ұсыныс пен өтініштің барлығы бойынша тиісті шаралар қабылданды.