Ұстаздық жолын ұлт тәрбиесімен ұштастырған қандас

Ұстаздық жолын ұлт тәрбиесімен ұштастырған қандас

Рудный қаласында қырық жыл ұстаздық еткен, бүгінде батагөйлігімен, жұмбақшылдығымен танылған Сүндет Молдашев ақсақал тұрады.

Өзбекстаннан атамекенге қоныс аударған қандасымыз саналы ғұмырын ұрпақ тәрбиесіне арнап, ұлттық құндылықтарды ұлықтауды өмірлік мұратына айналдырған.

Рудныйда тағдыр табыстырған талай қандасымыз бар. Олардың әрқайсысының атамекенге оралу жолы, елге сіңірген еңбегі, кейінгі ұрпаққа айтар өнегесі бөлек. Солардың бірі – Сүндет Молдашев ақсақал. Ол – қырық жыл бойы ұстаздық еткен тіл маманы, сөз қадірін білген қаламгер, батаны жадынан төгілткен батагөй, балалардың ой-өрісін дамытатын жұмбақтар құрастыратын шығармашыл жан.

Сүндет атаның туған жері – Өзбекстандағы Үшқұдық ауылы. Туған топырақта тамыр жайып, азамат болып қалыптасқан ол өмір жолының бір кезеңінде тарихи Отанына оралуды жөн көрген. Тағдырдың жазуымен Рудный қаласына табан тіреген қандасымыз жаңа ортаға бейімделіп қана қоймай, қоғамдық өмірге де белсене араласты. Бүгінде қалалық ардагерлер кеңесінің жұмысына атсалысып, ел ішіндегі игі бастамаларға үн қосып жүр.

Қырық жылдық ұстаздық жолында талай шәкірттің жүрегіне білім мен тәрбиенің дәнін сепкен Сүндет Молдашев үшін мұғалімдік – жай ғана кәсіп емес, ұлт алдындағы жауапкершілік. Әсіресе ана тілінің бала тәрбиесіндегі орнына айрықша мән береді. Оның пайымынша, баланың бойына ұлттық болмысты сіңіру мектеп табалдырығынан емес, отбасынан басталады.

– Баланы тәрбиелеуді мектептен немесе балабақшадан бастаймыз деу – қате түсінік. Тәрбие тал бесіктен басталады. Анасы баласына әлди айтқан сәттен-ақ оның бойына ізгіліктің алғашқы дәнін себеді. Бесік жырымен бірге баланың құлағына ана тілі сіңеді, жүрегіне мейірім ұялайды. Сондықтан әлди – жай ғана ән емес, ұлт тәрбиесінің алтын діңгегі, – дейді ақсақал.

Шынында да, бесік жыры – халқымыздың ғасырлар бойы ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып келе жатқан рухани мұрасы. Ананың әлдиінде баласына деген махаббат қана емес, елге деген тілек, болашаққа деген үміт, ұрпаққа аманат болған ұлттық тәрбие жатыр. Сүндет атаның сөзінше, бүгінгі ата-ана баламен ана тілінде сөйлесіп, оған ертегі айтып, мақал-мәтел үйретіп, халық ауыз әдебиетінің жауһарларымен сусындатуға мән беруі керек. Өйткені тіл – тек қарым-қатынас құралы емес, ұлттың жадын, мінезін, дүниетанымын сақтайтын асыл қазына.

 

Жұмбақпен ой ұштап, батамен жол ашқан

Сүндет Молдашевтың өзі де сөз өнерінен алыстамаған. Өлең жазады, өмірден көрген-түйгенін өлең жолдарына арқау етеді. Сонымен қатар айналасындағы қарапайым заттар мен табиғат құбылыстарын зерделеп, балаларға арналған жұмбақтар құрастырады. Бұл – оның ұстаздық тәжірибесімен астасқан шығармашылық еңбегі.

Ақсақалдың жұмбақ жанрына ден қоюының да өзіндік мәні бар. Жұмбақ – баланың ойын ұштайтын, байқағыштығын арттыратын, сөздік қорын молайтатын халықтық педагогиканың тиімді құралы. Бір қарағанда қарапайым көрінетін жұмбақтың астарында терең ой, тапқырлық пен таным жатыр. Бала жұмбақ шешу арқылы заттың қасиетін салыстырады, құбылыстың ерекшелігін аңғарады, ой қорытуды үйренеді.

Сүндет ата үшін мұндай шығармашылық ізденістің мақсаты – уақыт өткізу немесе өлең құрастыру ғана емес, кейінгі буынның зердесіне ұлттық сөз өнерінің нәрін сіңіру. Қазіргі балалардың кітап оқуға, сөзбен ойнауға, тапқырлыққа қызығушылығын арттыруда жұмбақтың орны ерекше екенін жақсы түсінеді. Сондықтан өмірдің өзінен туындаған танымдық дүниелерді қағазға түсіріп, жас ұрпаққа ұсынуды азаматтық міндеті санайды.

Ақсақалдың тағы бір айрықша қасиеті – батагөйлігі. Қазақтың бата беру дәстүрін терең қастерлейтін ол түрлі бата беру байқауларына қатысып, жүлделі бірінші орындарды иеленіп жүрген жан. Оның батагөйлік өнерінің ерекшелігі – дайын мәтінді қағаздан оқымай, жүрек түкпірінен шыққан ақ тілегін жадынан төгілте айтуы.

Бата – халқымыздың рухани дүниесіндегі орны бөлек, тәрбиелік мәні терең дәстүр. Ақ батаның әр жолында үлкеннің ізеті, ананың тілегі, атаның өсиеті, елдің аманаты бар. Бата беру арқылы үлкендер жас ұрпақты ізгілікке үндеп, жақсылыққа бағыттап, өмір жолына ақ тілекпен шығарып салған. «Батаменен ел көгерер, жаңбырменен жер көгерер» деген нақыл да осы дәстүрдің қадір-қасиетін аңғартады.

Сүндет ата үшін бата – жаттап алған әдемі сөздердің жиынтығы емес. Ол – адамға жақсылық тілеу, ұрпаққа өнеге көрсету, елдің ертеңіне ізгі ниет арнау. Сондықтан ақсақалдың баталарының мазмұнында ұлттық тәрбие, адамгершілік, бірлік пен береке секілді асыл ұғымдар айрықша көрініс табады. Жас ұрпаққа үлкеннің батасын алып өсу – халқымыздың ежелден келе жатқан тәрбиелік мектебі екенін ол әрдайым айтып жүреді.

 

Атамекенге оралған азаматтың асыл аманаты

Сүндет Молдашевтың өмір жолына үңілсек, оның бойындағы бірнеше қасиеттің бір арнаға тоғысқанын көреміз. Ұстаздық – білім мен тәрбие беру болса, жұмбақ құрастыру – баланың зердесін ашу, ал бата айту – ізгілікке үндеу. Ал осының барлығының түп негізінде ана тілі мен ұлттық құндылықтарға деген құрмет жатыр.

Қандастарымыздың тарихи Отанына оралуы – тек қоныс аудару ғана емес, елдің рухани кеңістігін байыту, ғасырлар бойы сақталған салт-дәстүр мен ұлттық дүниетанымды бірге алып келу. Өзбекстаннан атамекенге оралған Сүндет Молдашев секілді азаматтардың өмір жолы осының айқын көрінісі. Олар қай жерде жүрсе де, қазақы болмысын жоғалтпай, ана тілін ардақтап, ұлттық дәстүрді ұрпақ санасына сіңіруді мұрат тұтқан.

Рудный – түрлі ұлт өкілдері тату-тәтті ғұмыр кешіп, ортақ еңбектің арқасында өркендеп келе жатқан еңбек қаласы. Осындай шаһардың қоғамдық өміріне араласып, ардагерлер кеңесі арқылы елдік мәселелерге үн қосып жүрген Сүндет ата секілді ақсақалдардың орны айрықша. Өйткені қоғамның рухани байлығы – оның өнегелі қариялары, өмірден түйгені мол ақсақалдары мен кейінгі буынға қалдырған аманатында.

«Ата көрген оқ жонар, ана көрген тон пішер» дейді дана халқымыз. Ұрпақ тәрбиесі – бір адамның немесе бір мекеменің ғана міндеті емес, тұтас қоғамның ортақ жауапкершілігі. Бала отбасында мейірім көріп, ана тілінде әлди тыңдап, атасының батасын алып өссе, оның бойында ұлттық болмыс қалыптасады. Ал ұлттық болмысы берік ұрпақ – елдің ертеңі.

Сүндет Молдашев ақсақалдың өмірлік ұстанымы да осыған саяды. Қырық жылдық ұстаздық еңбегі, өлеңдері мен жұмбақтары, батагөйлік өнері – барлығы бір мақсатқа қызмет етеді. Ол – ұлттың ұлы мұрасын ұлықтау, ана тілінің абыройын асқақтату, жас ұрпаққа ізгілік пен адамгершіліктің дәнін себу.

Өйткені ұлттың болашағы – бесікте тербелген баланың жүрегіне не ұялағанына байланысты. Ал сол жүрекке жол табатын ең алғашқы әуен – ананың әлдиі, ең алғашқы өнеге – әкенің тәрбиесі, ең алғашқы ақ тілек – атаның батасы. Ұрпақ сабақтастығының үзілмес алтын арқауы да осында.

Айтолқын АЙҚАДАМОВА