Тұрғын үй кезегіне тіркелген күннің дұрыс белгіленбеуі азаматтың баспана алу мүмкіндігіне тікелей әсер етуі мүмкін.
Осындай дауға қатысты мәселе облыстық сотта медиация тәртібімен шешімін тапты. Нәтижесінде азаматтың тұрғын үй кезегіндегі тіркелген күні 2020 жылдан 2009 жылға ауыстырылды.
Облыстық мамандандырылған ауданаралық әкімшілік соты жеке тұлғаның «Отбасы банк» тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» АҚ-ға қатысты әкімшілік талап қоюы бойынша медиативтік келісімді бекітті.
Белгілі болғандай, талап қоюшы 2007 жылдан бастап ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар санатына жатқызылып, мектеп-интернатта тәрбиеленген.
Алайда оны тұрғын үйге мұқтаждар есебіне уақтылы қою мәселесі назардан тыс қалған.
Азамат тек 2020 жылы ғана тұрғын үй кезегіне өз бетінше тіркелген.
Ал сотқа жүгінген кезде ол қолданыстағы заңнамаға сәйкес өзі тәрбиеленген білім беру ұйымы оны 2009 жылы-ақ баспанаға мұқтаждар есебіне қоюға міндетті болғанын алға тартты. Алайда бұл міндет тиісті деңгейде орындалмаған.
Істі қарауға дайындау барысында сот медиация рәсімін ұсынып, тараптарға дауды өзара келісім арқылы шешудің артықшылықтарын түсіндірді.
Келіссөздер нәтижесінде екі тарап ортақ мәмілеге келіп, медиативтік келісім жасасты.
Келісім шарттарына сәйкес, жауапкер азаматтың мемлекеттік тұрғын үй қорынан баспана алуға мұқтаждар кезегіне тіркелген күнін 2020 жылдан 2009 жылға ауыстыруға міндеттенді. Осылайша, тұрғын үй кезегіндегі азаматтың құқығын қалпына келтіруге қатысты мәселе сот шешімін күтпей-ақ, өзара келісім арқылы реттелді.
Сот ұйғарымымен медиативтік келісім бекітіліп, тараптар қол жеткізген уағдаластықтарды орындады.
Айта кетейік, медиация тәсілі әкімшілік дауларды шешуде де тиімділігін көрсетіп келеді. Жыл басынан бері облыстық мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотында татуластыру рәсімдерін қолдану арқылы 199 әкімшілік іс аяқталған. Бұл сотта аяқталған істердің жалпы санының 18,7 пайызын құрайды.
