Қостанайда студенттердің IT-жобалары таныстырылып, жастар мен әлеуетті жұмыс берушілер бас қосты.
Ахмет Байтұрсынұлы атындағы Қостанай өңірлік университетінде өткен DIGITAL CAREER FEST 2026 фестивалі аясында инновациялық әзірлемелер көрмесі ұйымдастырылып, IT-компаниялармен ынтымақтастық туралы меморандумдарға қол қойылды.

Сондай-ақ қатысушылар цифрлық технологиялар саласындағы мансаптық мүмкіндіктерді талқылады.

Фестивальдің басты мақсаты – жастардың кәсіби әлеуетін дамыту, IT-бизнес пен білім беру ұйымдары арасындағы байланысты нығайту және цифрлық экономикаға қажетті мамандар даярлауға жағдай жасау. Фестивальге мемлекеттік органдар мен IT-сала өкілдері қатысты

Іс-шараның ашылуында Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім вице-министрі Динара Щеглова онлайн форматта құттықтау сөз сөйледі. Сонымен қатар қатысушыларға университеттің Басқарма Төрағасы – Ректоры Сейітбек Қуанышбаев пен Қостанай облысы әкімдігінің ақпараттандыру, мемлекеттік қызметтер көрсету және архивтер басқармасының басшысы Азамат Қашиев үндеу жасады.

Фестиваль барысында университеттің академиялық мәселелер жөніндегі проректоры Эльмира Наурызбаева «Baitursynuly University цифрлық жылы: нәтижелер, жетістіктер, жаңа мүмкіндіктер» тақырыбында баяндама жасап, оқу орнындағы цифрлық трансформацияның негізгі нәтижелері мен даму бағыттарын таныстырды.

Фестивальдің маңызды оқиғаларының бірі – университет пен серіктес ұйымдар арасында ынтымақтастық туралы меморандумдарға қол қою рәсімі болды. Атап айтқанда, QAZDEFENSE, ITL KZ, TEHNOPARK KZ, «Ұлттық ақпараттық технологиялар» АҚ-ның Қостанай облысы бойынша өкілдігі және басқа да ұйымдармен әріптестік байланыстарды дамыту мәселелері қамтылды.

Сонымен қатар білім беру бастамаларын қолдауға, студенттердің кәсіби дамуына және университетпен ынтымақтастықты нығайтуға үлес қосқан серіктестерге алғыс хаттар табысталды.
Фестивальдің негізгі бөлігі DIGITAL EXPO және CAREER ZONE алаңдарында өтті. DIGITAL EXPO көрмесінде студенттер ақпараттық технологиялар, жасанды интеллект және робототехника бағыттарындағы жобаларын таныстырып, өз әзірлемелерін сарапшылар мен қонақтарға ұсынды.

Ал CAREER ZONE алаңында студенттер жұмыс берушілермен тікелей кездесіп, тағылымдамадан өту, жұмысқа орналасу және кәсіби даму мүмкіндіктері туралы ақпарат алды. Бұдан бөлек, «Цифрлық өндіріс үшін кадрлар даярлау: кәсіпорындардың нақты міндеттерінен кәсіби құзыреттерді бағалауға дейін» тақырыбында дөңгелек үстел ұйымдастырылды.
Кездесуде жұмыс берушілер мен білім беру ұйымдарының өкілдері цифрлық индустрияның кадрларға деген сұранысын және болашақ мамандардың кәсіби құзыреттерін қалыптастыру мәселелерін талқылады.
Фестиваль қонақтары көрмеге қойылған жобалармен танысып қана қоймай, QR-код арқылы өздері үздік деп таныған жұмысқа дауыс берді.
Дауыс беру қорытындысы бойынша «Үздік студенттік жоба» номинациясының жеңімпазы анықталып, арнайы марапатқа ие болды.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, мұндай алаңдар студенттердің практикалық дағдыларын дамытуға, жұмыс берушілермен байланыс орнатуға және білім беру бағдарламаларын еңбек нарығының нақты талаптарына бейімдеуге мүмкіндік береді.
Шұға ҚОҢҚАБАЙ,
Суреттерді жолдаған – А.Байтұрсынұлы атындағы ҚӨУ баспасөз қызметі
