Мемлекет басшысының биылғы Қазақстан халқына Жолдауы еліміздің жаңа тарихи кезеңдегі даму бағдарын айқындап берді. Биыл қабылданып, 1 шілдеден бастап күшіне енген жаңа Конституция мемлекеттің саяси жүйесін жаңғыртып, қоғам мен билік арасындағы қатынастың жаңа қағидаттарын қалыптастыруға негіз болды. Бұл – ел өміріндегі елеулі өзгерістердің бастауы. Ендігі міндет – конституциялық реформалардың мәнін күнделікті өмірде сезілетін нақты нәтижелермен толықтыру.
Президент Жолдауда саяси жаңғыруды әлеуметтік-экономикалық өзгерістермен сабақтастыра отырып, халықтың тұрмыс сапасын жақсартуға, өңірлердің әлеуетін арттыруға, экономиканың нақты секторын дамытуға басымдық берді. Меніңше, осы міндеттердің барлығының түпкі нәтижесі бір өлшеммен бағалануға тиіс. Ол – ел азаматының өмірі қаншалықты жақсарды, еңбек етіп, табыс табуына қандай мүмкіндік жасалды, ауыл мен қала арасындағы тұрмыс сапасының алшақтығы қаншалықты қысқарды деген мәселелер.
Әсіресе, ауыл шаруашылығы мен ауылдық аумақтарды дамытуға қатысты тапсырмалардың маңызы зор. Өйткені ауыл тек шаруашылық өнімін өндіретін аумақ емес. Ол – елдің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ететін, ұлттық экономиканың тұрақтылығына үлес қосатын, дәстүр мен еңбек мәдениетін сақтайтын үлкен әлеуметтік орта. Ауылдың жағдайы жақсы болса, өңірдің де, тұтас мемлекеттің де әлеуеті артады.
Қостанай облысы үшін бұл тақырыптың орны бөлек. Біздің өңірдің экономикасында ауыл шаруашылығының үлесі айрықша. Егін және мал шаруашылығы, астық өндірісі, ауыл шаруашылығы техникасын жасау, өнім өңдеу салалары бір-бірімен тығыз байланысты. Сондықтан Мемлекет басшысының агроөнеркәсіп кешенін жаңа технологиялық деңгейге көтеру жөніндегі тапсырмалары облысымыздың алдағы дамуымен тікелей сабақтас деп есептеймін.
Президенттің айтуынша, өткен жылы ауыл шаруашылығы шамамен 6 пайыз өсіп, агроөнеркәсіп кешенінде өндірілген өнім көлемі 15 триллион теңгеге жеткен. Жеңілдетілген қаржыландыру көлемінің 1 триллион теңгеден 1,5 триллион теңгеге дейін ұлғаюы да салаға көрсетіліп отырған қолдаудың ауқымын аңғартады. Дегенмен Мемлекет басшысы қаржының бір бөлігі күнделікті қажеттіліктер мен айналым қаражатын толықтыруға жұмсалып отырғанын мағлұм етті. Бұл – шаруалардың алдында тұрған нақты мәселе.
Ауыл шаруашылығы бір маусымның аясында ғана жоспарланатын сала емес. Бүгін тұқым мен тыңайтқышқа, жанар-жағармайға қаражат салған диқанның ертеңгі өнімі ауа райына, нарықтағы бағаға, логистикаға және басқа да көптеген факторға тәуелді. Ал мал шаруашылығында өндірістік цикл одан да ұзақ. Сондықтан фермерге тек көктемгі егіс пен күзгі жиын-терінге арналған қысқа мерзімді несие жеткіліксіз. Оған бірнеше жылға арналған инвестициялық жоспар құруға мүмкіндік беретін тұрақты қаржыландыру жүйесі қажет. Осы тұрғыдан алғанда, Президенттің ұзақ мерзімді инвестициялық ресурстар ұсыну жөніндегі тапсырмасы өте өзекті. Мұнда қаржының қолжетімді болуы ғана емес, оны алу рәсімдерінің түсінікті әрі ашық болуы да маңызды. Шағын шаруа қожалығы мен ірі агроқұрылымның мүмкіндігі бірдей емес. Сондықтан қолдау тетіктері шаруашылықтың көлемі мен бағытына, өндірістік әлеуетіне қарай сараланғаны жөн. Қаражаттың нақты өндіріске, жаңа техника алуға, суару жүйесін салуға, мал басын асылдандыруға, өнім өңдеуге бағытталуы оның экономикалық қайтарымын арттырады.
Тағы бір назар аударатын мәселе – ауыл шаруашылығын технологиялық тұрғыдан жаңғырту. Президент отандық тракторлар мен комбайндардың санын көбейтіп, ауыл шаруашылығы өндірісіне жасанды интеллект мүмкіндіктерін енгізу қажеттігін айтты. Бұл – уақыт талабы. Қазір аграрлық салада бәсекеге қабілетті болу үшін жер көлемі мен техника санының көптігі ғана жеткіліксіз. Бастысы – қолда бар ресурсты қаншалықты тиімді пайдалана алатынымыз. Мысалы, цифрлық технологиялар арқылы топырақтың құнарлылығын бақылауға, тұқым себу мөлшерін нақтылауға, егістіктің жағдайын қадағалауға, күн райы мен ылғал қорын ескеріп, өнімділікке қатысты болжам жасауға болады. Жасанды интеллект осындай деректерді саралап, шаруаның шешім қабылдауына көмектеседі. Бұл артық шығынды азайтып, еңбек өнімділігін арттыруға жол ашады.
Әрине, мұндай технологиялар ірі шаруашылықтардың ғана игілігіне айналмауы керек. Шағын және орта шаруа қожалықтарына да қолжетімді болғаны жөн. Ол үшін цифрлық инфрақұрылыммен қатар, мамандар даярлау, фермерлердің жаңа технологияларды меңгеруіне жағдай жасау қажет. Ауыл шаруашылығын жаңғырту дегеніміз – техника сатып алумен шектелмейді, бұл ең алдымен өндіріс мәдениетін, басқару тәсілін және мамандардың біліктілігін жаңарту.
Жолдауда көтерілген су мәселесі де ауыл шаруашылығы үшін стратегиялық маңызға ие. Қазіргі климаттық өзгерістер жағдайында су ресурстарын тиімді пайдалану – өнімділікті арттырудың басты шарттарының бірі. Президент суармалы егіншілікті дамыту, жаңа алқаптарды игеру кезінде су үнемдеу технологияларын қолдану, су ресурстарын цифрлық есепке алу қажеттігіне тоқталды.
Қостанай облысы негізінен тәлімі егіншілікке сүйенетін өңір болғанымен, су мәселесі біз үшін де өзекті. Өнім көлемі мен сапасын арттыру, құрғақшылық тәуекелін азайту, шаруашылықтардың тұрақтылығын қамтамасыз ету үшін су ресурстарын басқарудың заманауи тәсілдері қажет. Тамшылатып және жаңбырлатып суару технологияларын енгізу, суару жүйелерін жаңғырту, су шығынын есепке алу – алдағы уақытта назардан тыс қалмауға тиіс бағыттар.
Бұдан бөлек, ауыл шаруашылығы өнімдерін терең өңдеу мәселесіне ерекше мән беруіміз керек. Біз жыл сайын мол өнім жинағанымызбен, оның барлығын дайын тауар түрінде нарыққа шығара алмаймыз. Астықты, ет пен сүтті бастапқы шикізат күйінде өткізуден гөрі, оны өңдеп, қосылған құны жоғары өнім өндіру әлдеқайда тиімді. Бұл фермердің табысын арттырумен қатар өңірде жаңа кәсіпорындардың ашылуына, тұрақты жұмыс орындарының құрылуына ықпал етеді.
Мемлекет басшысының «Бәйтерек» холдингі әзірлеген тағам өнеркәсібіндегі жалпы құны 500 миллиард теңгеден асатын жобаларды сапалы жүзеге асыру жөніндегі тапсырмасы осы бағыттағы жұмысты жандандыруға жол ашары анық. Ендігі жерде мұндай жобаларға инвестиция тартумен қатар, жергілікті шикізат өндірушілермен байланысын жолға қою маңызды. Өнім өңдейтін кәсіпорындар ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер үшін тұрақты өткізу нарығына айналуы керек.
Қостанай облысында бұл бағытты дамытуға мүмкіндік мол. Астықты терең өңдеу, ет және сүт өнімдерін өндіру, мал азығын дайындау, ауыл шаруашылығы шикізатынан дайын өнім шығару – өңір экономикасын әртараптандыруға негіз болатын салалар. Мұндай өндірістердің дамуы ауылдағы шаруашылықтардың да жұмысын жандандырады. Себебі өңдеу кәсіпорнына шикізат жеткізу, оны тасымалдау, сақтау және өткізу жүйесі қатар дамиды.
Президенттің агрологистика орталықтарын жетілдіру туралы тапсырмасы да осы тұрғыдан маңызды. Өнімді өндіру бір мәселе болса, оны сапасын жоғалтпай сақтау, сұрыптау, тасымалдау және тиімді бағамен сату – екінші мәселе. Әсіресе шағын шаруашылықтар үшін нарыққа өз бетінше шығу оңай емес. Сондықтан ірі холдингтермен қатар, шағын фермерлер де қойма, сақтау, тасымалдау және өткізу инфрақұрылымын пайдалана алуы қажет. Бұл жерде кооперацияның да маңызы артады. Біріккен шаруашылықтар өнім көлемін арттырып, нарықтағы мүмкіндігін кеңейте алады.
Дегенмен ауылдың дамуын тек аграрлық өндіріс көрсеткіштерімен өлшеуге болмайды. Президент Жолдауда ауыл-аймақтарды дамыту мәселесін де назардан тыс қалдырған жоқ. Әлеуметтік инфрақұрылымды жаңғырту, жол, су, денсаулық сақтау, білім беру, мәдениет және спорт нысандарын салу жөніндегі бастамалар ауыл тұрғындарының күнделікті өміріне тікелей әсер етеді.
Менің ойымша, ауылды дамытудағы негізгі мақсат – адамды ауылда тұруға мәжбүрлеу емес, оның сол жерде сапалы өмір сүріп, табыс табуына жағдай жасау. Жас маман ауылға барса, оған жұмыс қана емес, баспана, баласына лайықты мектеп, отбасына медициналық қызмет, бос уақытын өткізетін мәдени және спорттық орта қажет. Ауылдағы интернет сапасы мен көлік қатынасы да бүгінгі заманның негізгі қажеттіліктеріне айналды.
Бұл мәселелер бір-бірімен тығыз байланысты. Ауылда өндіріс дамып, жұмыс орындары ашылғанымен, әлеуметтік жағдай жасалмаса, жастардың қалаға көшуі жалғаса береді. Керісінше, инфрақұрылым салынып, бірақ тұрақты жұмыс көзі болмаса, ол да ауылдың ұзақ мерзімді дамуына жеткіліксіз. Сондықтан ауыл саясаты экономикалық және әлеуметтік міндеттерді қатар қамтуы керек.
Жолдауда жарияланған Жалпыхалықтық ауқымды құрылыс бастамасының да өңірлер үшін маңызы осында. Инфрақұрылымдық жаңғыруға 2029 жылдың соңына дейін Ұлттық қордан шамамен 6,5 триллион теңге бөлу көзделіп отыр. Бұл қаражаттың әр өңірге қажетті жобаларға бағытталып, нақты нәтиже беруі маңызды. Әсіресе шалғай елді мекендердің қажеттілігін ескеріп, тұрғындар көптен күткен мәселелерді шешуге басымдық берген дұрыс. Жобалардың орындалуы тек игерілген қаржы көлемімен емес, халықтың өмірінде болған өзгеріспен бағалануы керек.
Тағы бір маңызды мәселе – өңірлердің өзіндік экономикалық ерекшелігін ескеру. Президент әр аймақтың басымдықтарын айқындап, негізгі саланың айналасында біртұтас өндірістік және экономикалық жүйе қалыптастыру қажеттігін айтты. Бұл Қостанай облысы үшін де маңызды. Бізде ауыл шаруашылығы, машина жасау, өңдеу өнеркәсібі, логистика және білім беру салаларының өзара байланысын күшейтуге мүмкіндік бар. Аграрлық өңір ретінде тек өнім өндірумен шектелмей, оны өңдейтін, сақтайтын, тасымалдайтын және жаңа технологиялар ұсынатын кәсіпорындарды көбейтуіміз қажет.
Жалпы, биылғы Жолдаудың негізгі өзегі – ел экономикасын жаңа технологиялық деңгейге көтеру, өңірлердің әлеуетін толық пайдалану және халықтың тұрмыс сапасын жақсарту. Ал бұл міндеттерді орындауда ауыл шаруашылығы мен ауылдық аумақтардың орны ерекше. Себебі азық-түлік қауіпсіздігі, ішкі нарықтың тұрақтылығы, отандық өндірістің дамуы ауылдағы еңбекпен тікелей байланысты.
Ауылдың болашағына құйылған қаржы – елдің болашағына салынған инвестиция. Сондықтан бүгінгі міндетіміз – ауыл шаруашылығын табысты өндіріске, ауыл-аймақтарды өмір сүруге қолайлы ортаға айналдыру. Бастысы, ауылдағы еңбек адамы өз еңбегінің жемісін көріп, ертеңіне сеніммен қарай алуы керек. Сонда ғана ауыл әлеуеті ел экономикасының нақты тірегіне айналады.
Нұркелген ӨТЕУЛИН,
«ННН+В-2005» ЖШС басшысы
