Конституцияны көбіне мемлекеттік құрылымның жұмысын реттейтін, билік тармақтарының өкілеттігін айқындайтын басты құжат ретінде қабылдаймыз.
Алайда оның мазмұны мұнымен шектелмейді. Ата Заңның әрбір нормасы түптеп келгенде қарапайым адамның өміріне, қоғамдағы қарым-қатынасқа, азамат пен мемлекет арасындағы жауапкершілікке қатысты.
2026 жылғы 1 шілдеден бастап күшіне енген жаңа Конституцияның өзектілігін де осы тұрғыдан бағалау қажет. Өйткені Негізгі Заңның басты міндеті – мемлекеттік жүйені сипаттап беру ғана емес, сол жүйенің адам мүддесіне қызмет етуіне құқықтық негіз қалыптастыру.
Мәселен, азамат мемлекеттік мекемеге өтініш бергенде, мемлекеттік қызмет алғанда, жұмысқа орналасқанда, өз мүлкін қорғағанда немесе қандай да бір даулы жағдайға тап болғанда заңның әділдігіне сүйенгісі келеді. Ол үшін құқықтық нормалардың қағаз жүзінде жазылуы жеткіліксіз. Азамат өз құқығының бар екенін біліп қана қоймай, оны қалай жүзеге асыруға болатынын да түсінуі керек. Ал мемлекеттік органдар өз кезегінде әрбір шешімінің заңға сәйкестігін негіздей білуге тиіс.
Осы ретте Конституцияның жоғары заңды күші бар әрі ел аумағында тікелей қолданылатыны туралы қағиданың маңызы зор. Бұл – барлық заңдар мен нормативтік актілердің Ата Заңға қайшы келмеуі қажеттігін білдіреді. Азаматтардың құқықтары мен міндеттеріне қатысты нормативтік актілердің ресми жариялануы да оларды қолданудың міндетті шарты ретінде бекітілген. Демек, адам өзіне қандай талап қойылып отырғанын білуге, оның заңдылығын тексеруге құқылы.
Тағы бір назар аударатын мәселе – құқық пен жауапкершіліктің өзара байланысы. Қоғамда кейде өз құқығын талап етуге келгенде белсенділік танытып, міндеттерін орындауға келгенде салғырттық байқалады. Ал құқықтық мемлекетте бұл екі ұғым бір-бірінен ажырамайды. Мысалы, әркімнің еңбек етуге, білім алуға, жеке меншігіне иелік етуге құқығы бар. Сонымен қатар заңды сақтау, өзге адамның құқығы мен бостандығына құрметпен қарау, табиғатқа жауапкершілікпен қарау да ортақ міндет.
Жаңа Конституцияда экологиялық мәдениетті қалыптастырудың мемлекеттік қызметтің негізгі қағидаттарының бірі ретінде көрсетілуі де кездейсоқ емес. Қоршаған ортаның тазалығы тек арнайы мекемелердің жұмысына байланысты мәселе емес. Ол әр тұрғынның тұрмыстық қалдықты қалай тастайтынынан бастап, кәсіпорындардың табиғатқа әсеріне дейінгі кең ауқымды қамтиды. Сондықтан экологиялық жауапкершіліктің конституциялық деңгейде айқындалуы қоғамның осы бағыттағы мәдениетін қалыптастыруға негіз болады.
Бүгінде тағы бір өзекті мәселе – ақпараттық ортадағы адамның жауапкершілігі. Әлеуметтік желілерде жалған мәлімет тарату, өзгенің ар-намысына тиетін пікір жазу, жеке өміріне қатысты деректерді рұқсатсыз жариялау қалыпты құбылысқа айналмауы керек. Сөз бостандығы өзгенің құқығын елемеуге мүмкіндік бермейді. Демек, құқықтық мәдениет тек сот залында немесе мемлекеттік мекемеде емес, әлеуметтік желідегі күнделікті әрекетімізден де көрінуі тиіс.
Меніңше, жаңа Конституцияның қоғам үшін маңызын түсіндіруде дәл осындай өмірлік мысалдарға көбірек жүгінген жөн. Себебі Ата Заңды білу – баптардың нөмірін жаттап алу емес. Бұл – өз құқығыңды тану, міндетіңді түсіну, заңсыздыққа бейжай қарамау және өзгелердің де құқығын құрметтеу.
Сонымен бірге Конституцияның орындалуын тек азаматтардың құқықтық сауатымен байланыстыруға болмайды. Мемлекеттік органдардың ашықтығы, заң талаптарын біркелкі қолдануы, қабылданған шешімдердің негізділігі және азаматтардың өтініштеріне уақытылы жауап берілуі де маңызды. Заң алдында бәрінің тең болуы күнделікті тәжірибеде көрініс тапқанда ғана қоғамда құқықтық сенім қалыптасады.
Ата Заңның өміршеңдігі оның қанша рет айтылғанымен емес, қаншалықты орындалғанымен өлшенеді. Егер адам өз құқығының қорғалатынына сенсе, мемлекеттік мекемеге жүгінгенде әділ шешім күтсе, ал қоғамда заң талаптары баршаға бірдей қолданылса, Конституцияның қоғамдық маңызы да арта түседі. Сондықтан жаңа Конституцияның күшіне енуі – жұмыстың аяқталғанын емес, оның қағидаттарын күнделікті өмірде орнықтыру міндетінің басталғанын білдіреді.
Қайрат ҚАЗЕЗ,
Қостанай облысы әкімдігінің Қоғамдық даму басқармасы басшысының орынбасары
