Грант бұйырмады, бірақ үміт үзілмеді: білімге ұмтылған екі қызға демеуші табылды!

Грант бұйырмады, бірақ үміт үзілмеді: білімге ұмтылған екі қызға демеуші табылды!

Жуырда көптің көкейінде жүрген ойға белгілі кәсіпкер, меценат Қайрат Бисетаев үн қатты. Кәсіп иесі екі студенттің оқу ақысын өз қалтасынан төлеп беретін болды. Осылайша нағыз жомарт жанға тән азаматтық танытып отыр. Бір студенттің жылдық оқу ақысы 549 мың теңгені құрайтынын еске саламыз.

Көңіл марқайтар осы бір оқиғаның қалай басталғанына біз де куә болған едік. Қыркүйек айында Қостанай облысының әкімі Құмар Ақсақалов Денисов ауданынан жұмыс сапарымен барып, жергілікті тұрғындармен жүздесті. «Әлем» мәдениет үйінде өткен кездесуде белсенді жастар – Милита Фильвок және Кэтрин Майер сахнаға шығып, мемлекеттік тілде сөйлей жөнелді. «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық бағдарламасына қатысып, отбасымен бірге үйінің ауласын көгалдандырып жатқаны туралы айтты. Жастардың еңбекқорлығына, туған жерге деген сүйіспеншілігіне, қазақ тіліне деген  құрметіне сол кезде көпшілік сүйсінген еді. Олар А.Байтұрсынұлы атындағы Қостанай өңірлік университетіне қазақ филологиясы мамандығына оқуға түскенін, болашақта қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі болғысы келетіндерін айтып тағы бір толқытқан еді. Аймақ басшысы Құмар Ақсақалов белсенді жастарға шынайы лебізін білдірген-ді

«Жарайсыздар, қыздар! Осындай тәрбиелі, белсенді, білімді жастарды көргенде еріксіз тамсанасың. Оған қоса қоршаған ортаға жанашырлықпен қарағандарыңыз құрметке лайық. Сіздерге рахмет, сәттілік тілеймін!», – деп облыс әкімі студенттерді мақтаған болатын.

Жиында Алшан ауылдық ардагерлер кеңесінің төрағасы Тасболат Аяғанов тосыннан сөз алып, аймақ басшысына күтпеген жерден ұсыныс тастады.

«Құмар Іргебайұлы, сізге бір сұрағым, дәлірек айтсақ бір ұсынысым бар. Сахнаға екі қыз бала шығып, атқарып жүрген жұмыстары туралы тамаша ой қозғады. Екеуі де мемлекеттік тілді жетік меңгерген. Әрі қарайғы өмірін білім беру саласына арнауды жөн көріп отыр. Алайда, жоғары оқу орнына түсу кезінде, Ұлттық бірыңғай тестілеуден (ҰБТ) жоғары нәтиже көрсеткеніне қарамастан, оларға білім гранты бұйырмай қалды. Осындай үміткерлер үшін тегін білім алуға мүмкіндік беруге болмас па екен? Олар қазақ тілін белсенді түрде қолдап, насихаттап жүр — шынымен де бұған лайық!» – деді қария.

Залдағылар қолдап, ақсақалдың сөзін қостай жөнелді. Аймақ басшысы облыстық білім басқармасының басшысы Ардақ Бегатаровға сөз кезегін беріп, аталған сауалды жедел қарастыруды  және қолдау көрсету жолдарын іздестіруді тапсырды. Осы оқиға туралы біз газетімізде бұрын жаздық-та.

Осылайша, ауыл ақсақалының қамқорлығы, облыс әкімінің қолдауы және жергілікті кәсіпкердің қамқорлығы арқасында Денисов ауданынан шыққан талантты студенттердің мәселесі шешімін тапты.

Қайрат Бисетаев өңірге танымал кәсіпкер. Ол Денисов ауданының Покров ауылдық округінде ауданы 11 000 гектарды құрайтын ауқымды агрокешен құрып, онда озық цифрлық технологияларды енгізуде. «Eurasia Farm Innovations» ғылыми-өндірістік орталығы» ЖШС алқапта «ақылды» егіншілік жүйелерін, топырақты жедел талдау әдістерін және тыңайтқыштарды сараланған мөлшерде енгізу технологиясын қолданады. Кәсіпкер шалғайдағы ауылға жаңашылдықты әкелу арқылы ауыл шаруашылық саласының келешегі зор екенін дәлелдеуде. Шалғайдағы ауылға жаңа технологияны әкеліп, жаңа жұмыс орнын құрды. Ал енді білімге ұмтылған екі студенттің оқу ақысына демеушілік жасап, игі істің бастауынан табылды. Бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі дегеніміз осы болса керек.

Қымбат ДОСЖАНОВА