10 июля, 2025
Қолөнер шебері: «Құрақ құрау өнері – ұлт мұрасы»

Қолөнер шебері: «Құрақ құрау өнері – ұлт мұрасы»

Қазақтың ұлттық қолөнерін дәріптеу мақсатымен өмірге келген «Аламан құрақ» жобасы – мәдени мұрамызды сақтап, әлемге танытудың бірегей бастамасы. Жобаның негізін қалаушы – Нұргүл Абайхан Абдрасилова. Бұл жобаға белсене қатысып, осы өнерді асқақтатып жүрген Қостанай өңірінің шебері Зейнеп Мұқашқызы Хасеновамен сұхбаттастық.

Зейнеп ханым екі мәрте «Аламан құрақ» жобасына қатысып, ұлттық өнердің мәртебесін көтеруге үлес қосты. 2024 жылы V Дүниежүзілік Көшпенділер ойыны аясында Астанада өткен жоба ерекше әсер қалдырған.

«450 құрақшы Тайқазан маңында 11 200 шаршы метр аумақты қамтитын кілем тәріздес көрпе жайды. Бұл туынды қазақстандық және әлемдік «Гиннес рекордтары кітабына» енді. 89 мемлекеттен келген қонақтар қазақ өнеріне тәнті болды. 8 жастағы баладан 85 жастағы қарияға дейін, соның ішінде 4 ер азамат қатысты. Біз бір-бірімізбен тәжірибе алмасып, рухани байып қалдық», – деп еске алады шебер.

Биылғы жоба 6 шілдеде Алматыдағы Медеу мұз айдынында өтпек. 700-ден астам құрақшы қатысады деп жоспарланған бұл іс-шара Жеңістің 80 жылдығына және Алматының апорт алмасына арналады.

«Апорт алмасының жоғалып кету қаупіне байланысты, қолдау мақсатында алма бейнеленген жастықтар тігеміз. Әлемдік Гиннес рекордтары кітабының өкілдері мен халықаралық БАҚ қатысады. Біздің мақсат – қазақ өнерін әлемге танытып, жаңа рекорд орнату», – дейді Зейнеп ханым.

Қостанай өңірінен алғашқы жобаға 3 құрақшы, былтыр 7 құрақшы қатысса, биыл 16 шебер, соның ішінде 90 жастағы Сапарбай ата мен 32 жастағы көп балалы ана өнерлерін паш етпек.

«Біздің өңірдің шеберлері екі жоба барысында да Қазақстанның «Гиннес рекордтары кітабына» енуге үлес қосты. Бұл – біздің өнеріміздің мойындалғаны», – деп атап өтті ол.

Зейнеп ханымның шығармашылық тобында 10-ға жуық шебер, олардың арасында жастар да, тәжірибелі шеберлер де бар.

«Соңғы уақытта талантты жастар қосылды. Біз бір-бірімізбен тәжірибе бөлісіп, өзара қолдау көрсетеміз», – дейді шебер.

Ол қолөнермен 30 жылдан астам уақыт айналысып келеді.

«Бала кезден анам кілем, алаша тоқып, мені осы өнерге баулыды. Тұрмыс құрған соң енем де шебер кісі болып, маған бағыт берді. Олар: ‘Бұл – қолыңа біткен асыл қазына», – деп отыратын. Бұл – қанымда бар өнер», – дейді ісмер.

Алғашқы туындысы – анасының жетекшілігімен тігілген шағын құрақ көрпе. «Ол қарапайым болғанымен, жүрегіммен жасадым. Анамның мақтанышы мен батасы есте қалды», – дейді өзі. Ол үшін құрақ тігу – жай кәсіп немесе хобби емес, өмірлік миссия.

«Бұл – жан рахатын беретін, рухани байлығымды толықтыратын өнер. Әрбір көрпеде ою-өрнек арқылы ішкі дүниемді бейнелеймін. Мысалы, қошқар мүйіз – жайлылық пен берекенің символы. Әр туындымды ақ тілекпен бастаймын», – дейді.

Зейнеп ханымның жетістіктері аз емес. Қазақстан мен әлемдік «Гиннес рекордтары кітабына» еніп, ЮНЕСКО марапатын иеленген. Оның туындылары еліміздің түкпір-түкпірінде, сонымен қатар Ресей мен АҚШ-та танымал.

«15 жылдан бері туындыларымды сатамын. Шетелдегі қазақтар салт-дәстүрімізді ұмытпай, тапсырыс береді. 2020 жылы «Атамекен» кәсіпкерлер палатасының қолдауымен «Бастау» бағдарламасын оқып, грант иегері атанып, кәсібімді дамыттым», – деп атап өтті.

Қолөнерші әлеуметтік желілердің де белсенді тұтынушысы. Ол Instagram және Facebook парақшаларында туындыларын жарнамалайды, онлайн тапсырыстар қабылдайды.

«Қостанайдан, Алматыдан, Астанадан және шетелден көп сұраныс түседі. Қостанайда ұлттық бұйымдарға деген қызығушылық артып келеді. Халықтың оң көзқарасы қалыптаса бастады», – дейді шебер.

Қазір ол үй жағдайында жұмыс істейді, бірақ болашақта жеке шеберхана ашу жоспарында бар. Алдағы уақытта Алматыдағы «Аламан құрақ» жобасында өңір өнерін паш етіп, оқу орталығын ашуды армандайды.

«Жастарға құрақ өнерін үйрету, мәдениетімізді дәріптеу – менің мақсатым. Артымнан өшпес із қалдырғым келеді. Құрақ көрпе – әрбір ошақты тіл мен көзден сақтайтын, ұлттық ерекшелігімізді еске салатын дүние. Аналарымыздың даналығы, сұлулықты көре білу қабілеті осы өнерде жатыр. Біздің міндет – бұл мұраны келешек ұрпаққа аманаттау», – деп түйіндеді Зейнеп ханым.

«Аламан құрақ» жобасы – қазақтың рухани байлығын паш ететін, ұлттық өнерді әлемдік деңгейде танытатын бастама. Зейнеп Хасенова сияқты шеберлердің еңбегі арқылы бұл өнер жерде қалмай, болашақ ұрпаққа абыроймен жететіні сөзсіз.

Нұрдана Тағай,

ҚӨУ студенті