Биыл Құрбан айт мерекесі 6, 7 және 8 маусым күндеріне сәйкес келеді. Қостанай облысы бойынша Құрбан айт намазы 6 маусым күні сағат 06:30-да оқылады. Осы уақыттан бастап құрбан шалу рәсімі басталады.
Құрбан шалу үш күнге созылып, 8 маусым күні күн батқанға дейін жалғасады. Бұл жөнінде облыстық дін қызметкерлері ақпарат берді.
Құрбандыққа жарамды малдың жасы:
• Түйе — 5 жастан бастап
• Сиыр (ірі қара) — 2 жастан бастап
• Қой мен ешкі — 1 жастан бастап. Алайда, алты айдан асқан семіз қой құрбандыққа шалуға жарамды саналады.
Құрбандық еті шариғат бойынша үшке бөлінеді:
1. Бір бөлігі — өз отбасына
2. Бір бөлігі — туған-туыс пен көршілерге
3. Бір бөлігі — мұқтаж жандар мен жоқ-жітікке таратылады
Жыл сайынғы дәстүр бойынша, мешіт қызметкерлері көпбалалы және мұқтаж отбасыларға құрбан етін үлестіріп келеді. Сондықтан құрбандық етін мешітке әкеліп беруге болады.
Қостанай қаласы тұрғындары үшін құрбан шалатын орындар:
• «Амиго» мал базары (қасапхана), Федоров трассасы, 2
• «Союз ТС» мал сою орны, Механизаторлар көшесі, 5 (Қостанай ауданы, Затобол)
Онлайн құрбандық шалу да қолжетімді.
Онлайн тапсырыс беру үшін Qurban.Muftyat.kz сайтына кіріңіз. Құрбан шалу рәсімі видеоға түсіріліп, тапсырыс берушіге жіберіледі.
Жанайым Балғынбекқызы,
ҚӨУ студенті