24 июня, 2025
Жағалауда кезекті профилактикалық рейд ұйымдастырылды

Жағалауда кезекті профилактикалық рейд ұйымдастырылды

Қостанайда күннің күрт ысуы қала тұрғындарын жағажайларға жетеледі. Сынап бағаны +29°C-ты көрсетіп, шаһардағы ресми суға шомылу орындарында адам қарасы көбейді. Ал бұл жағдай өз кезегінде қауіпсіздік мәселелерін қайта көтерді.

Осы орайда Қостанай облыстық Полиция департаментінің бастамасымен су жағалауында кезекті профилактикалық рейд ұйымдастырылды. Рейдке тәртіп сақшыларымен қатар, облыстық төтенше жағдайлар департаментінің мамандары мен бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері де қатысты.

— Қала бойынша суға шомылуға рұқсат етілген үш ресми орын бар, — дейді облыстық ТЖД азаматтық қорғаныс басқармасының офицері Ғалымжан Мұстафин. — Олар: қалалық жағажай, сондай-ақ Амангелді ауданындағы «Мохито» және «Мишутка» демалыс аймақтары. Ресми шомылу маусымы 1 маусымнан 31 тамызға дейін жалғасады.

Рейд аясында полиция қызметкерлері мен құтқарушылар құрлықта да, суда да патрульдеу жүргізді. Қатысушылар үш моторлы қайықпен Тобыл өзенінің бойын аралап, су маңындағы демалушыларға дауыс зорайтқыш арқылы ескерту жасады. Олар қауіпсіздік ережелерін сақтау, рұқсат етілмеген жерлерде шомылмау, қоғамдық орында ішімдік ішпеу, қоқыс тастамау, балаларды қараусыз қалдырмау қажеттігін түсіндірді.

Алайда ескертулерге құлақ аспай, тәртіп бұзғандар да кездесті. Патруль кезінде жағажай маңында екі ер адам сыра ішіп отырған жерінен ұсталды. Олардың жанында екі бөтелке сыра мен тіскебасар болғаны тіркелді. Полиция қызметкерлерінің айтуынша, екеуі де жеңіл мас күйінде болған және сөздеріне қарағанда, кейін суға түспек болған. Айта кетейік, соңғы жылдары суға бату оқиғаларының басым көпшілігі мас күйінде орын алған.

Қоғамдық орында ішімдік ішкені үшін екеуіне 5 АЕК көлемінде айыппұл салынды (19 660 теңге). Бұдан бөлек, ағаш түбінде отырған тағы бір ер адамға тәртіп сақшылары назар аударды. Оның жанынан ашылған арақ бөтелкесі мен сыра табылған. Ер адамның мас күйде әрең тұрғаны байқалып, ол айықтырғышқа жеткізілді.

Қостанай облысы жергілікті полиция қызметі басқармасы басшысының орынбасары Марат Сахратовтың айтуынша, мұндай рейдтер шомылу маусымы бойы тұрақты түрде өтеді.

— Басты мақсатымыз — жағажайларда қайғылы оқиғалардың алдын алу, — деді ол. — Ата-аналар балаларының демалысты қайда, қалай өткізіп жүргенін жиі қадағалаусыз қалдырады. Бұл — үлкен қателік. Жыл басынан бері облыс бойынша 6 мыңға жуық азамат қоғамдық орында алкоголь ішкені үшін жауапқа тартылды. Соның ішінде 50-ге жуығы жағажай аумағында ұсталған. Сондай-ақ мыңнан астам тұрғын рұқсатсыз жерге қоқыс тастағаны үшін айыппұл арқалаған.

Қоғамдық тәртіпті сақтау мен тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында осындай іс-шаралар шомылу маусымы аяқталғанша жалғасатын болады.

Тәртіп бар жерде — қауіп те сейіледі.

Балауса ЖҮНІС