Қостанай облысында республикалық маңызы бар KAZ18 «Қостанай – Мамлютка» автомобиль жолының жалпы ұзындығы 43 шақырымды құрайтын екі учаскесінде орташа жөндеу жұмыстары жалғасуда. Бүгінде нысанның құрылыс дайындығы 55 пайызды құрайды.
Жұмыстар Ұзынкөл кентінен Миролюбовка ауылына дейінгі және Нечаевка кентінен Тобыл қаласына дейінгі учаскелерде жүргізілуде. Қазіргі уақытта жөнделіп жатқан барлық бөлікте ескі асфальтбетон жабынын фрезерлеу жұмыстары толық аяқталды. Жолдың 27 шақырымына жаңа асфальттың төменгі қабаты төселді, ал жол негізін ресайклинг әдісімен қалпына келтіру жұмыстары жоспарланған 18 шақырымның 10 шақырымында орындалды.
Қазіргі таңда мердігер ұйым – «ВАН» ЖШС ыстық ұсақ түйіршікті асфальтбетон қоспасынан жол жабынының үстіңгі қабатын төсеу жұмыстарына кірісті. Нысанда күн сайын 40 маман мен 36 арнайы жол-құрылыс техникасы жұмыс істеуде.
Жөндеу жұмыстарының сапасына ерекше көңіл бөлінуде. Қостанай облысы бойынша Жол активтері сапасының ұлттық орталығы жауапты мекемелермен бірлесіп, құрылыс барысына тұрақты бақылау жүргізіп келеді. Ұзынкөл кентінен Ершовка ауылына дейінгі 250–267 шақырым және Молокановка кентінен Тобыл қаласына дейінгі 380–406 шақырым учаскелерінде филиал мамандары атқарылған жұмыстар мен қолданылып жатқан материалдардың сапасын тексеру мақсатында 8 көшпелі инспекциялық тексеру өткізді. Зертхана мамандары жол-құрылыс материалдарының 33 сынамасын алып, сынақтан өткізді. Анықталған сәйкессіздіктер мердігер ұйым тарапынан жұмыс барысында жойылуда. Сонымен қатар, бір ақау анықталып, қазіргі уақытта оны жою жұмыстары жүргізілуде. Жөндеу толық аяқталғанға дейін сапаны бақылау жалғасады.
Негізгі жол-құрылыс жұмыстары аяқталғаннан кейін жол жиектері нығайтылып, жаңа жол белгілері орнатылады және көлденең жол таңбалары сызылады.
Жөндеу жұмыстары аяқталған соң аталған автожол учаскелерінде қозғалыс қауіпсіздігі артып, өңірдегі елді мекендердің көлік қатынасы жақсарып, республикалық жол желісінің маңызды бағыттарының бірі бойынша қатынастың сенімділігі қамтамасыз етіледі.
