Денисов ауданында тіл байқауы өтті

Денисов ауданында тіл байқауы өтті

Оқушылар арасында өткен «Мемлекеттік тіл – менің тілім» атты байқауға аудан көлеміндегі барлық мектеп қатысты.

9-11 сынып оқушыларынан құралған 14 команда сайысқа түсті. Мемлекеттік тіл саясатын насихаттап, қазақ тілінің қолданыс аясын кеңейту мақсатымен ұйымдастырылған байқау 4 кезеңнен тұрды. Үміткерлер «Тұсаукесер», «Айшықты сөздер»,  «Ойлан, тап», «Үй жұмысы» сынды айналымдардан сүрінбей өтті. Ауданның әр түкіпірінен келген оқушылар қазақ тіліне деген құштарлығын, қызығушылығын көрсетті. Байқау барысында барлық команда өз деңгейінде мемлекеттік тілді меңгергенін байқатты. Айшықты сөздердің түп мағынасын анық тауып, түрлі сұрақтарға мүдірмей жауап берді.Ал байқауды белгілі журналист һәм қоғам белсендісі, «Қазақ тілі » қоғамы Жітіқара аудандық филиалының төрайымы Ділдә Қайратқызы жүргізді.

Сонымен, Түйемойнақ өңірінде тұңғыш өткен тіл сайысында Покров негізгі орта мектебінің командасы топ жарып, бірінші орынды иеленсе, 2-орын Денисов №3 орта мектебіне бұйырды. 3-орын Антонов негізгі орта мектебінің еншісінде. Жеңімпаз шәкірттер  мадақтау қағаздарымен, ақшалай сыйлықпен марапатталды. Байқауға қатысқан барлық  командаға  Денисов ауданы әкімінің орынбасары Айгүл Бектемісованың атынан алғыс хат беріліп, тәтті сыйлықтар табысталды.

“Бұл іс-шара тіл саясатын дамытудың 2023–2029 жылдарға арналған тұжырымдамасын жүзеге асыру аясында қолға алынды. Байқау Денисов ауданы әкімдігінің Мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің мемлекеттік әлеуметтік тапсырысы шеңберінде өткізілді. Ұйытқы болған – халықаралық «Қазақ тілі» қоғамы» қоғамдық бірлестігінің Қостанай облыстық филиалы”, – дейді байқауды ұйымдастырушылар.

Жаңалықтармен бөлісу