14 наурыз – “Көрісу күні – Амал мерекесі” Суретті түсірген Бердіболат Көркембаев

14 наурыз – “Көрісу күні – Амал мерекесі”

 Осы күнді ерек көретін мүсінші, ұста Мұханбетқали Рахалиев ақын, жазушы, шебер, ағасы Серікбай Оспанұлына арнайы барып, көне дәстүрдің тәрбилелік үлгісін көрсетті.

«Ағамды көптен көрмеп едім. Көрісу күнінде арнайы сәлем беріп, амандығын білгелі келдім. Жақсы адамдармен жолығып, дидарласудың еш сөкеттігі жоқ деп есептеймін. Көрісу – бабамыздан келе жатқан көне салт. Бұл Қостанай өңірінде соңғы бірнеше жылда жақсы үрдіске айналып келеді. Жөн-жосықты білетіндер өзара атап өтіп жатады. Ізімізден еріп келе жатқан ұрпаққа насихаттап, жөн сілтеу парызымыз. Сол себепті Көрісу күнінің мән-мағынасын іспен айшықтап көрсеткенді жөн санадым», – дейді Мұханбетқали Рахалиев.

Серікбай Оспанұлы іздеп келген інісін құшақ жая қарсы алды. Салт-дәстүрге құрметі бөлек адамдардың ендігі тілектері жас буын жалғастырып әкетсе дейді. Ал Көрісу күні жайлы Серікбай Оспанұлы мынадай пікірін айтты:

«Көрісу туралы қазір көмескілеу білетін болып қалдық. Оның себебі, 70 жыл бойына Наурыз мейрамын атап өтпедік. Әдет-ғұрып, салт-дәстүрімізден алшақтап кеттік. Менің білуімше, Батыста жақсы атап өтеді. Бізде де атап өткен болуы керек. Негізінде қазақта көрісудің үш түрі бар. Жеке отау тігіп, тұрмысқа шыққан қыз төркінге бір жылдан астам уақыт бармайды. Өйткені жаңа жерге үйренуі қажет. Барған жерінің ата-анасын сыйласын, жіті танысып, біте қайнасып кетсін дегеннен шықса керек. Бір жылдан кейін төркінге келіп, ата- анасымен, туған-туыспен көріседі. Сағынышын басады. Екінші, адам қайтыс болғанда көріседі. Келген адамдар отбасына көңіл айтып, көрісіп жылайды. Үшінші, бірнеше жыл бойы кездеспей жүрген адамдар қауышқан кезде көріседі. Бұл көрісулер біздің салт-дәстүрімізге енген. Ал, бұл көрісудің мәні бөлек. Қыстан аман-есен шығып, көктемге аяғы жеткен ағайынның бір-бірмен қауышуы. Ол кезде қазіргідей жағдай жоқ. Мал қырылып, жұт болуы мүмкін. Қазақтың «мал-жан аман ба?» дегені осыдан шығып тұр. Малдан айырылу деген, арғы жағы жаннан айырылу деген сөз. Өте қажет. Біздің әдет-ғұрып, салт-дәстүріміз өзге елде жоқ, жоғары дәрежедегі дүние. Көрісудің де арғы мәні достық, бауырмалдық, жанашырлық деген ұғыммен ұштасады. Арнайы іздеп келген ініме разымын. Ел аман болсын, Наурыз құтты болсын!».

Көрісу күні мен Наурыз мерекесінің айырмасы жоқ, егіз ұғым. Амал мерекесінің мәніне үңілсек, адамдар бір-біріне деген өкпе-ренішті ұмытып, тек жақсылық тілеу ғана. Яғни, «Бір жасың құтты болсын!», «Амал мерекесі құтты болсын!» деп тілек білдіру. Өткен жылғы өкпесін, өкінішін ұмытып, жаңа жылға тек жақсылықпен енген. Мәшһүр Жүсіп Көпеевтің жазбаларында ертеде  «14 наурыз, ескіше 1 наурыз көктемнің бірінші күні деп, қазақ  «Наурызнама»  тойлайтын еді» деп жазылған. Оны көп ғалымдар мысалға келтіріп жүр. Мереке 8, 9 күнге созылатынын айтады. «Амал күні қазағым көріседі, Көрісу – бұл көненің жемісі еді. «Көрісу күні», «Амал мерекесі» десек те, түпкі мән-мағынасы ұлтты ұйыстыру, бірлікке шақыру екені мәлім. Ынтымағымыз ырысты болсын!

Сералы МЫРЗАБАЙ

Суретті түсірген – Бердіболат КӨРКЕМБАЕВ

Жаңалықтармен бөлісу