Жыр алыбы ұлықталды

Жыр алыбы ұлықталды

Қостанайдағы Н. Островский атындағы орталық қалалық кітапханада қазақтың жыр алыбы, дала поэзиясының дара тұлғасы Жамбыл Жабаевтың шығармашылығына арналған  әдеби кеш өтті.

Кеште «Зейін» оқырмандар клубының мүшелері Аягөз Оңғар, Аруна Отаралы, Иасин Аманжолқызы, Іңкәр Байгелова Жамбылдың жүрек тербетер жырларын мәнерлеп оқып, поэзия кешінің көркін аша түсті.

Қатысушылар Жамбыл Жабаевтың «Ленинградтық өренім», «Өтеген батыр» секілді көлемді әрі мағыналы шығармалары төңірегінде ой қозғады. Арнайы ұйымдастырылған кітап көрмесінде ақынның жыр жинақтары мен оған арналған ғылыми-зерттеу еңбектері көпшілік назарына ұсынылды.

– Бұл кеш оқырмандардың Жамбыл шығармашылығына деген қызығушылығын арттырып, поэзияға деген сүйіспеншілігін тереңдетті. Әдеби талқылаулар мен көрме көпшілікке тың деректер мен жаңа әсер сыйлады, – дейді Н. Островский атындағы орталық қалалық кітапханасының оқырмандар залы кітапханашысы Жанар Сарсембаева.

Іс-шара соңында сұрақ-жауап ұйымдастырылып, жиналғандар ақынның өмірі мен шығармашылығы жөніндегі білімдерін сынға салды. Белсенділік танытқан оқырмандар арасынан жеңімпаздар анықталып, көтеріңкі көңіл күй қалыптасты.

– Бұл кеште Жамбыл Жабаевтың халқына қалдырған өшпес мұрасы жан-жақты ашылды. Жас орындаушылар мен тәжірибелі өнерпаздардың өнері үйлесім тауып, кештің мазмұнын байыта түсті. Көрермен ретінде қазақ әдебиетінің алыптары қалдырған асыл мұраның құндылығын тағы бір мәрте терең сезіндім. Осындай тағылымды шаралар жастардың ұлттық әдебиет пен өнерге деген қызығушылығын арттырары сөзсіз. Жалпы, кеш ұйымдастырылуы, көркемдік деңгейі мен мазмұны жағынан жоғары бағаға лайық, – дейді Qazbilim Qostanay ұлттық лицейінің қазақ тілі мен әдебиет пәні мұғалімі Гүлім Қартбайқызы.

Тимур ШАГИРОВ,
ҚӨУ журналистика мамандығының 4 курс студенті