Жылу қазандықтары қашан толық іске қосылады? neftegaz.kz

Жылу қазандықтары қашан толық іске қосылады?

Қостанай қаласының тұрғындары ала жаздай ыстық судың болмағанын айтып жиі шағымданады. Осыған байланысты «КТЭК» кәсіпорнының басшылары БАҚ өкілдері жинап, жағдайды жан-жақты түсіндіріп берді.

Қостанай жылу-энергетикалық компаниясы директорының орынбасары – Бас инженер Вячеслав Плотниковтің айтуынша, тұрғындардың шағымдануына негіз жоқ. Өйткені, жаз бойы қаланы ыстық сумен қамтамасыз етіп отырған үлкенді-кішілі қазандықтарға, жылу магистральдарына жөндеу жүргізілген.

– Бүгінгі күні біз ТЭЦ-2, К-3 және шағын қазандықтарды түгел жөндеп болдық. Яғни, ондағы әзірлік 100%. Қазір ТЭЦ-тегі 5-ші бу қазандығы жөнделіп жатыр. Ол енді 15-ші қазанда аяқталады. Сондай-ақ, ТЭЦ-5-дегі КВГ-50 қазандығын іске қосу мерзімі 20 -шы қазанға белгіленген. Бірақ, бұл жөндеу жұмыстары жылу беру маусымына ешқандай кедергі келтірмейді. Жылу жүйелеріне келер болсақ, оларда көктемгі су қысымын тексеру барысында бірнеше дефекті анықталды. Әнеу күнгі күзгі тексеру барысында да үш ақау табылды. Оның бәрі жойылды. Әлі күнге дейін жылу құбырларын тексеру жүргізіліп жатыр. Оны біз үнемі бақылауда ұстап отырмыз, – дейді В.Плотников.

Кәсіпорын директорының орынбасары Әуежай шағын ауданындағы төтенше жағдай туралы да еске салды. Қазір онда барлық жұмыс толық аяқталған. Бүгінгі таңда магистраль 100% дайын. Орамішілік жұмыстар да қайта қалпына келтірілген.

– Бүгін қалған үйлерді қосамыз. Сонда шағын аудандағы тұрғын үйлер түгелге жуық дайын болады. 14-ші жылу магистралына қатысты жоба аяқталған. Біз КЖБИ ауданына ыстық су беруге әзірміз. Әрине, үй крандарынан ағып тұрған жылы суға қатысты тұрғындардан түсіп жатқан арыз-шағымдарды біз үнемі бақылауда ұстап отырмыз. Бірақ, көбі негізсіз. Өйткені, жылу-энергетикалық орталығына айналып келетін судың қысымы 1 градусқа тең. Оны күнде таңертеңгісін тексеріп, мониторинг жасап отырамыз. Мүмкін, кей жерлерде ақау болуы мүмкін. Оны тексеру керек, – деді В.Плотников.

Ол №3 қазандық жылыту маусымының басталысымен қайтадан іске қосылатындығын айтты. Оған алаңдаудың реті жоқ.

– Бүгінде біздің қолымызда қаулы бар. Ол ТКШ бөлімі қарап шығады. Сосын қала әкіміне қол қоюға жіберіледі. Қала басшысы қол қойса біз жылу беруді бастаймыз. Ол енді сыртқы ауа температурасына байланысты. Біз қазірдің өзінде кейбір әлеуметтік нысандарға жылу бердік. Қалғандарын да біртіндеп қосып жатырмыз. Тек, бізге қоңырау соғудың қажеті жоқ. Әлеуметтік нысандар жазбаша түрде өтініш берсе болды, – деді «КТЭК» МҚК директорының орынбасары.

Толығырақ газетіміздің келесі нөмірінен оқи аласыздар.

Әлібек ЫБЫРАЙ

Жаңалықтармен бөлісу