Жылдың үздік оқырманы анықталды

Жылдың үздік оқырманы анықталды

Әдеби кітаптар мен оқулықтар – білім көзі, рухани қазына. Біздің рухани құндылығымыз, теңдесіз байлығымыз, өткен замандардың тұңғиық тереңінен сыр шертетін тарихты да, әдебиетті де, басқа ғылым кереметтерді де, талай оқиғалардың куәсі, талай жаңалықтардың көзі – осы кітаптар.

Кітап оқу дәстүрін қайта жаңғырту, оқырмандардың жан-дүниесінде рухани ізгілікті қалыптастыру мақсатымен 2022 жылдан бастап Ыбырай Алтынсарин атындағы гимназияда «Жылдың үздік оқырманы» жобасы жүзеге асырылуда. Бірінші кезеңде жобаға қатысушылар ережеге сәйкес ұсынылған кітаптар тізімінен кітап оқып аяқтағаннан кейін эссе жазады. Қорытынды кезеңге ең көп оқылған кітап беттерінің саны бойынша үздіктер анықталып, екінші кезеңге қатысады. Бұл кезеңде комиссия мүшелері қатысушыларға оқылған кітаптар тізімінен сұрақтар қойып жеңімпаздар анықталады.

Биылғы нәтиже қуантарлық жағдай. Жалпы телеграмм каналға 147 қатысушы тіркеліп, былтырғы оқу жылында 27 598 кітап беттерін оқыса, биыл бұл сан екі есе артты, 47 756 бет қылған екен. Ұсынылған кітаптар тізімінен Бердібек Соқпақпаевтың «Менің атым Қожа», Мұхтар Әуезовтың «Абай жолы», Бауыржан Момышұлының «Ұшқан ұя», Ілияс Жансүгіровтің «Құлагер», Пауло Коэльо «Алхимик», Жюль Верн «Таинственный остров», Лев Толстойдың «Война и мир», Джоан Роулингтің «Гарри Потер» сияқты кітаптары оқушылардың арасында сүйікті шығарма атанды.

Арнайы комиссия мүшелері бір жыл бойы жобаға қатысушылардың нәтижесін қорытып, белсенді оқырмандар мен жеңімпаздарды анықтады. Осылайша, жобаның белсенді оқушылары Тихонов Руслан, Бәшір Айзере, Мешітбайқызы Асем, Мусабай Амир, Нұржанқызы Нұрай, Айтбай Айзада, Сейтжан Салтанат, Самойлова Елизавета, Муктубаев Даниял, Блинова Полина мадақтама мен 2 000 теңге сертификатқа ие болды.

Қорытынды кезеңге үш оқушы өтіп, бірінші, екінші, үшінші орынға бақтарын сынады. Нәтижесінде үшінші орынға 5«Д» сыныбының оқушысы Ержанов Жан шығып, 20 000 теңге сертификатқа ие болды, екінші орында 8«Г» сыныбының оқушысы Ержанов Эрик – 30 000 теңге сертификат иеленді. «Жылдың үздік оқырманы» атағына жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар халық даналығына сай 5«Ә» сыныбының оқушысы Ибрагим Іңкәр ие болып, мадақтама мен 50 000 теңге сертификатымен марапатталды.

Бұл жобаға ата-аналар мен гимназия мұғалімдері де қатысып, сынып жетекшілердің арасында «Үздік ұйымдастырушы» номинациясына ие болған Ақбота Нұрханова, мұғалімдердің арасынан «Үздік педагог-оқырман» номинациясына Салтанат Ахметова

және ата-аналардың арасынан 6«Ә» сыныбының ата-анасы Гаухар Ахметова «Үздік ата-ана-оқырман» номинациясына ие болды. Номинанттарға 10 000 теңге сертификат табысталды.

Дана халқымыз «жылуы жоқ жүрек – құр кеуде» – деп ұрпағын қайырымдылық пен мейірімділікке тәрбиелеген. Жақсылыққа ұмтылған жан алдымен қайырымдылық жасайды демекші жобаның жүзеге асырылуына зор үлес қосып келе жатқан «Нұр-Жайлау» ЖШС басшысы Құсаинов Мұхтар Хамитұлын атап өткім келеді. Мұхтар Хамитұлы жүрегі кең, ниеті таза, өскелең ұрпаққа мейірімі шексіз, жанашыр халық перзенті. Ыбырай Алтынсарин атындағы гимназия әкімшілігі және оқушылар тарапынан шексіз алғысымызды білдіреміз.

Салтанат АХМЕТОВА,

директордың тәрбие ісі жөніндегі орынбасары.

Арқалық қаласы

Жаңалықтармен бөлісу