Республика күні қарсаңында облыс әкімі Құмар Ақсақалов өңірімізге еңбегі сіңген тұлғаларға мемлекеттік наградаларды табыс етті.
“1990 жылы Қазақстан егемендік туралы декларация қабылдады. Бұл тәуелсіз мемлекет есебінде қалыптасуға жасалаған алғашқы қадамымыз еді. Декларацияның арқасында болашақты қалыптастыратын бірегей субьекті ретінде әлемге тәуелсіздігін жариялады”, – деген өңір басшысы бүгінде мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың реформалары ел дамуына түбегейлі үлес қосып келе жатқанын тілге тиек етті.
“Мемлекетіміздің қалыптасу жолындағы еліміздегі қиыншылықтарға қарамастан, көзі ашық, көкірегі ояу азаматтардың қолдауымен жаңа Қазақстанның іргетасы қаланып жатыр”, – деп атап өтті облыс басшысы.
Мемлкеттік награда алғандар қатарында “Құрмет” орденінің иесі, қандас бауырымыз Гүлназ Елмұратованың еңбегін ерекше атап өтуге болады.
Елімізге Өзбекстаннан 2000 жылдары қоныс аударып, әлеуметтік орталықта жиырма жыл табан аудармастан мейірбеке болып келеді. Жаппай вирус тараған шақта тәулік бойы індетпен күресе білді.
Осы ретте әріптесіміз Әлібек Ыбырай “Ерен еңбегі үшін” медалімен марапатталды.
Әлібек Кәдірұлының есімі көзі қарақты оқырманға жақсы таныс. Журналистикаға отыз жылдай уақытын арнап келе жатқан әріптесіміз теле-радио, газет-журналдарда жарқын туындыларымен бөлісіп жүр. Ел шежіресі мен ауыл өмірі, ел экономикасының өзекті мәселелері төңірегінде жасаған сюжеттері мен хабарлары алтын қорда сақтаулы.
“Парасат” ордендерімен марапатталған сарыкөлдік Сағынбай Сүндеталин, қамыстылық Өтеген Нұртазин, әулиекөлдік Төленді Оспановтардың ауыл өміріндегі әлеуметтік салада орны бөлек жандар. Бұл туралы толығырақ газетіміздің алдағы санынан оқи аласыздар.
Шұға ҚОҢҚАБАЙ
Суреттерді түсірген Бердіболат Көркембаев