Жанкелдин ауданында жол қатынасы жағдайы қиын. Барыс-келіс, байланыс үзілген ауылдар әлі де көп. Әйтсе де ауданды облыс орталығымен байланыстыратын, Шилі арқылы өтетін жол ашылмақ. Бұл туралы Торғайда халыққа түсіндіру жұмыстарын жүргізіп жүрген қоғамдық штабтың төрағасы Батырбек Ахметов баяндады.
«Бұл жақта ауылдарға барудың өзі оңай болып тұрған жоқ. Кеше күні бойы тікұшақпен жүрдік. Қызбелдің жан-жаққа эвакуацияланған адамдарын тікұшақ алты рейс қатынап, қоныстарына жеткізді.Біз сол адамдармен кездесу өткіздік. Бүгін, бұйырса, Ахмет Байтұрсынұлы, Ақкөл жағына барып қайтамыз ба деп жатырмыз. Қызбелдің халқымен кездесуіміз жақсы өтті. Олар басшылықтың істеп жатқан жұмыстарына оң баға беріп, алғыстарын айтып жатыр. Кеше кешке Шилінің жолы ашылатыны хабарланды. Бұл – Торғай мен Қостанайдың арасында қайта қатынас орнайды деген сөз. Торғайға келетін заттар осы жол арқылы жеткізіледі. Қосымша Тәуіштің жанында қайықтар жұмыс істей береді», – деді Батырбек Ахметов.