Айбек Қалиев, өңірлік штаб мүшесі, айтыскер ақын:  «Қиындықтан пайда емес, сауап табайық»

Айбек Қалиев, өңірлік штаб мүшесі, айтыскер ақын: «Қиындықтан пайда емес, сауап табайық»

Көктемгі су тасқыны апатына байланысты Арқалықта төтенше жағдайға байланысты өңірлік штаб құрылып жұмыс істеп жатыр. Оның құрамында халық қалаулыларымен қатар елге белгілі тұлғалар да енген.

Халықпен қоян-қолтық жұмыс істеп жатқан штаб мүшелері сын-сағатта ел арасынан күтпеген мәселелердің де туындап жатқанын айтады.

«Облыстық «Қостанай таңы» газетін пайдаланып айтатыным, төтенше жағдай басталғалы бері елдің арасында жүрміз. Қазіргі таңдағы үлкен мәселе – ол бауырлас елдерден гуманитарлық көмектер келіп жатыр, бірақ соны көре тұра жерлестеріміздің кейбір жасап жатқан қылығы көңілімізге келеді. Бір ғана мысал, (қай ауыл екенін айтпай ақ қояйын) осыдан 5-6 жыл бұрын үйін бір сиырға айырбастап сатып кеткен бауырларымыз, (Қостанай, Астана жағына қоныс аударған), ауылдағы ағайындар белгілі ғой құжатын өз атына жасатпаған, енді «үкіметтен 22 миллион теңге ақша береді» дегенді естіп алып, «малыңды қайтып береміз, үйде шаруаң болмасын, құжат бойынша менікі» деп сондай иелері қайтадан шығып жатыр. Осындай масқаралар кездесуде. Одан кейін мына Арқалық қаласы басқа аймақтарға қарағанда бірінші болып апаттан зардап шеккен, үйлері құлап қалған азаматтарға қаладан үй сатып әперуде. Соны білген қалада үй сататын кейбір тұрғындарымыз үйдің бағасын тіпті асқақтатып жіберген. Шетелдіктердің өзі анадай қайырымдылық көмек көрсетіп жатқанда, өзіміздің тұрғындардың мұнысы мұсылманшылыққа жатпайды. Қазақта «Бүлінгеннен бүлдіргі алма» деген сөз бар. Осындай қиыншылықта оның үстінен көрген екі-үш миллион теңге берекелі болмайды. Сондықтан, мен халықты бұл қиындықтан пайда табуға емес, қайта қиындықтан сауап табуға шақырамын»,– дейді өңірлік штаб мүшесі, белгілі айтыскер ақын Айбек Қалиев.

Мұрат Жүнісұлы

Суретті түсірген автор

                                                                                                            Арқалық қаласы

Жаңалықтармен бөлісу