10 июля, 2025
Жуырда Тобыл өңірінде KIA автокөліктері шыға бастайды

Жуырда Тобыл өңірінде KIA автокөліктері шыға бастайды

Қостанайда салынып жатқан KIA автокөлік зауытында баспасөз туры ұйымдастырылып, журналистерге өндіріс барысы мен алдағы жоспарлар таныстырылды. Жоба 2023 жылдың қазан айында басталған болатын. Қазіргі таңда зауыт құрылысының 85 пайызы аяқталған, құрылғыларды монтаждау жұмыстары толық бітіп, мамандарды оқыту процесі жүріп жатыр.

Зауыт аумағында дәнекерлеу, құрастыру, әрлеу, бояу цехтары, автокөлік бөлшектеріне арналған қойма мен дайын өнім алаңы бар. Мұнда жылына 70 мың көлік өндіріледі деп жоспарлануда.

Қазірдің өзінде 520-дан астам қызметкер жұмысқа қабылданып, болашақта олардың саны 1500-ге дейін арттырылмақ.

 Өндірістегі алғашқы нәтижелер жуырда белгілі болмақ. Тұңғыш сынақ көліктері 2025 жылдың шілде айында шығарылады. Ал қазан айынан бастап зауыт өндірісті іске қоса бастайды. 2025 жылдың соңына дейін KIA Sorento, одан кейін Sportage модельдері құрастырылады. 2026 жылдың соңында зауыт қолжетімді баға сегментіне арналған седан моделін де шығаруды жоспарлап отыр.

– Бастапқыда 3000 көлік шығарамыз. 2026 жылы өндіріс көлемі 20 мыңнан асады. Ал 2027 жылы зауыт толық қуатына көшіп, жылдық жоспар – 70 мың көлікке жетеді, – деді зауыттың басқарушы директоры Роман Глущенко ол туралы.

Жаңа зауыт заманауи технологиялармен жабдықталған. Қазірдің өзінде  68 өнеркәсіптік робот орнатылып, шағын бөлшектерді орнату, бұрау сияқты дәл әрі күрделі процестерді автоматты түрде жүзеге асырады. Қаңқалық  желісі бір уақытта 16 көлік шанағын өңдеуге қабілетті. Барлық өндірістік учаскелер арнайы шаблон құрылғылар арқылы басқарылады.

Жобаның маңызды бағыты – жергілікті кадрларды даярлау. Арнайы оқу орталығы ашылып, колледждермен меморандумдар жасалған. Болашақ мамандар үшін дуальды оқыту жүйесі енгізілген. Олар теорияны зауытта тәжірибемен ұштастырып, дипломдарын да осы жерде қорғай алады.

– Бізге тек инженерлер мен механиктер ғана емес, кеден, логистика, есеп-қисап саласындағы мамандар да қажет. Қазіргі таңда тәжірибесі жоқ жастарды да жұмысқа қабылдап, арнайы оқытамыз. Үш күндік тестілеу өткізіліп, жақсы нәтиже көрсеткендер бірден тәжірибе алаңына жіберіледі. Қалғандары бір апта дайындалып қайта сынақтан өтеді, – дейді зауыттың персонал жөнідегі бас маманы Сергей Поликарпов.

Бұл әдіс жергілікті маман даярлаудың негізгі күш екеін айғақтап отыр.

– Алдымен үш ай оқудан өттік. Қазір жеті жұмыс постымыз бар. Бірі дәнекерлеумен, басқалары жинақтау, шаблон орнату, тазалау, алдыңғы-артқы есік құрастырумен айналысады. Металл реттеу орнында багаж бен капот орнатылады. Қазір бұл учаскеде 11 слесарь мен екі дәнекерлеуші еңбек етуде, – дейді бұл туралы зауыттың бас слесарь маманы Жандос Үдербаев.

Солардың арасында Қостанай автожол колледжінің 2011 жылғы түлегі Азамат Бәжікенов те бар. Ол сәуір айында жұмысқа қабылданып, әлі де тәжірибе жинақтап жүргенін айтты:

– Детальдарды құрастыруды үйреніп жатырмыз. Толық көлік жинауға әлі кіріспедік, әзірге жеке бөлшектермен жұмыс істеп жүрміз, – дейді ол.

Зауыт маңында инфрақұрылым да қарқынды дамыту қолға алынады. Өндіріс орнынан екі шақырым жерде бөлшектерге қызмет көрсететін локальды орталық салынып жатыр. Бұл кешен 2027 жылы толық іске қосылып, зауытқа қажетті құрамдас бөлшектерді уақтылы жеткізуді қамтамасыз етеді.

Жинау цехының смен басшысы Әли Қунақовтың айтуынша, жұмысқа қабылданатын мамандар үш күндік тестіден өтеді.

Нәтижеге қарай, олар тәжірибе алаңына жіберіледі немесе қосымша қайта дайындықтан өтеді. 2027 жылы зауыт толық қуатына көшіп, бірнеше жаңа модельді шығару жоспарланған.

Суреттерді түсірген – Бердіболат Көркембаев