Нәтижелі жұмыспен қамту, жұмыссыздықтың өсуіне жол бермеу маңызды іс. Қаңтар айында облыста халықты жұмыспен қамтуға тарту мәселелерін реттеу үшін Жұмыспен қамтудың өңірлік картасы бекітілді. Оның шеңберінде биыл кемінде 39 729 адамды жұмысқа орналастыру жоспарланған.
Көбі бос жұмыс орындарына және субсидияланатын жұмысқа орналастырылмақ. Мұның сыртында өңірде бірқатар инвестициялық жобалар іске асады. Яғни, мұнда да көптеген жаңа жұмыс орны ашылмақ. Мемлекет Басшысы Қ.Тоқаев өзінің жыл сайынғы Жолдауында халықты жұмыспен қамту мәселесіне арнайы тоқталуы тегін емес. Бұл ең бірінші тұрғындардың әл-ауқатын арттырады. Соның арқасында елдің экономикасы да өсе түседі.
– 197 адам халықтың әлеуметтік осал топтары қатарындағы адамдарға жаңа бизнес-идеяларды іске асыруға гранттар беруарқылы жұмыспен қамтылатын болады. Оның ішінде жастарға кемінде 5 млн теңгеге дейін 188 шағын несие беріледі. Сондай– ақ, биыл кемінде 2200 адам кәсіптік оқытудан өтед, – деді облыстық әлеуметтік бағдарламалар және жұмыспен қамтуды үйлестіру басқармасының басшысы Гүлнар Әбенова.
Сондай-ақ, Мемлекет басшысының халықтың әрбір 10 мың адамына кемінде 100 жаңа жұмыс орнын ашу жөніндегі тапсырмасын орындау бойынша нақты жұмыстар қолға алынды. Жұмыс орындарын ашу, халықты еңбекке тарту өңірлерде жұмыссыздықтың өсуіне жол бермеудің маңызды факторы. Яғни, бұл бағыттағы жұмыс жалғасатын болады. Мұны облыс басшысы да атап өтті.
– Халықты жұмыспен қамту әлеуметтің саладағы маңызды мәселенің бірі. Мемлекет басшысы әлеуметтік қорғаудың басым бағыты – азаматтарды жұмыспен қамту екендігін атап өтті. Облыста осы бапғытта белсенді жұмыстар жүргізіліп жатыр. Биыл салаға 4 млрд теңгеден астам қаражат бөлінді. Бұл өткен жылғыдан 2 процентке артық. Яғни, жыл сайын халықты жұмыспен қамту ісі алға жылжып келеді. Биыл шамамен 44 мың адамды еңбекпен қамту жоспарланса, бүгінде оның 40 проценті орындалды. Мұның сыртында тағы 18 мың 500-дей жаңа жұмыс орны ашылады. Сондай-ақ, мемлекеттің субсидиялауымен облыста бірнеше инвестициялық жобалар ашылып жатыр. Мәселен, бес бірдей машина құрастыру зауыты іске қосылмақ. Онда ауқымды жұмыс орны ашылады. Мұндай жобалар жеткілікті. Демек, жақын-жуықта индустриалдық аймақта төрт мыңнан астам адам еңбекке тартылады, Тағы бір айта кетерлігі бұрнағы жылдармен салыстырғанда жұмыссыздық саны азайып келеді. Өзін-өзі жұмыспен қамтып отырғандар да жылдан-жылға көбейіп келеді. Көрсеткішті төмендетіп алмауымыз керек. Өкінішке қарай, кей ауданда бұл бағытта жұмыс ақсап жатыр. Әсіресе, қысқа мерзімді оқыту мәселесі сын көтермейді. Мәселен, Қамысты ауданында оқуға бірде-бір адам жіберілмеген. Қарабалық пен Жанкелдин аудандарында бір-бір адамнан ғана келген. Мұндайға жол беруге болмайды, – деді облыс әкімі Құмар Ақсақалов.
Әлібек ЫБЫРАЙ
Суреттерді түсірген – Бердіболат КӨРКЕМБАЕВ