«Жұмыс бағыты – ұлттық құндылықтарды дәріптеу»

«Жұмыс бағыты – ұлттық құндылықтарды дәріптеу»

ҚР Жастар саясатының дамуына қосқан үлесі үшін және қоғамдық іс -шараларға белсене қатысып, көшбасшылық қабілетін көрсете білгені үшін Арқалық қаласындағы «Жастар – Азаматтық бастамалар орталығы» ҚБ төрағасы Амангелді Ахметжанов «Жаңа Қазақстан: Жастар саясатының үздігі» төсбелгісімен марапатталды. Біз орайы келгенде қоғамдық бірлестіктің атқарып отырған жұмыстарының барысымен жақынырақ танысуды жөн көрдік.

– Амангелді Серікұлы, елдің ілгері басуы үшін қоғамның барлық топтарының ортақ мүддеге жұмыла кірісері хақ. Тәуелсіз Қазақстанның мәңгілік өркениет жолындағы қадамдарына үкіметтік емес ұйымдардың да үлесі аз емес. Олай болса, ұйымдарыңыздың қоғамдағы рөлі қандай?

– Әлемдік даму тенденциясында үкіметтік емес ұйымдардың жұмысы ерекше жолға қойылған. Яғни, ҮЕҰ атқарушы билік пен халықтың ортақ мүдде орайында ықпалдасуында қоғамдағы азаматтық белсенділігі жоғары адамдардың заң шеңберінде, белгілі ұйымдар аясында бірлескен іс-қимылының нәтижесін көрсетеді. Мұндай ортақ әрекеттер кезегінде елдегі азаматтық қоғамның дамуына жол ашады.

Тәуелсіздік алғаннан бері еліміздегі үкіметтік емес ұйымдардың саны 100-ден 22 мыңға дейін өсті. Кейбір мәліметтерге сүйенсек, Орта Азияда үкіметтік емес ұйымдар ең көп тіркелген ел – Қазақстан. Оның 5 мыңнан астамы әлеуметтік маңызы зор мәселелерді шешуде мемлекетке сенімді серіктес болып отыр.

– Бастапқы қадамдарыңыз туралы айтсаңыз. Ең алғаш жұмысты қалай бастадыңыздар?

– Жоғарыда келтірілген мемлекеттік қолдауларды негізге ала отырып, Арқалық қаласы жастарының бастамасымен 2018 жылы жастарды жан-жақты қолдау мақсатында «Жастар – Азаматтық бастамалар орталығы» ҚБ үкіметтік емес ұйымы құрылған болатын. Ұйымның негізгі мақсаты – жастардың бойында патриоттық сезімдерін арттыру, ұлттық салт – дәстүрмен мәдениетті сақтау, саламатты өмір салтын насихаттау, кәсіпкерлік білімдерін шыңдау, ауыл жастарын қолдау, сонымен қатар мемлекеттік жастарға қатысты бағдарламаларды насихаттау, олардың азаматтық жауапкершілігін нығайту, таланттыларды қолдау.

Қазіргі таңда мемлекеттік жастар саясатын жергілікті жерде жүзеге асыратын үкіметтік емес ұйымдарды қолдау маңызды. Бұл тек жастар мәселесі ғана емес, азаматтық қоғамның қалыптасуына да зор ықпал етпек. Өздеріңіз білетіндей еліміз жаңа саяси-экономикалық жаңғыруға бет алып, маңызды реформаларды бастап кетті. Осы реформаларды жүзеге асыруда үкіметтік емес сектордың көмегі қажет.

– Қай шақта да қаражатсыз ешбір мәселе шешілген емес. Қаржыландыру мәселесі оңтайлы шешіліп жатыр ма?

– Еліміздегі үкіметтік емес ұйымдардың қаржыландыру көзі ол мемлекеттік қолдау, яғни әлеуметтік жобалар. Осы ретте «Мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс туралы» Заңды атап өту керек. Аталған заңда үкіметтік емес ұйымдарды мемлекеттік қолдаудың басымдықтары, принциптері, механизмдері, тараптардың міндеттері, оны жүзеге асырудың деңгейі көрсетілген. Заң үкіметтік емес ұйымдардың мемлекеттік бюджет қаржысы есебінен әлеуметтік маңызды проблемаларды шешуге қатысуы үшін құқықтық негізді қамтамасыз етіп отыр. Біздің «Жастар – Азаматтық бастамалар орталығы» қоғамдық бірлестігі де осы заң аясында қаламызда әр түрлі мемлекеттік әлеуметтік тапсырыстарды жүзеге асырып келеді.

Осы жобалардың ішінде жастар үшін маңызды жоба «Жасыл ел» мемлекеттік бағдарламасын ерекше атауға болады. Ұйым жұмысын бастағаннан бері (2018 – 2022 жылдар аралығында) осы жобаға жергілікті бюджет есебінен 33 млн 231 теңге бөлініп, жалпы саны 428 жас «Жасыл ел» бағдарламасы арқылы уақытша жұмыспен қамтылды. Биылдың өзінде әлеуметтік тапсырыс арқылы 9 млн 300 мың теңге қаралып, оған мамыр-тамыз айларында 120 жастарды жұмыспен қамтуды жоспарлап отырмыз.

Жалпы алғанда «Жастар – Азаматтық бастамалар орталығы» ҚБ бастамасымен осы жылдар аралығында
42 әлеуметтік жоба жүзеге асырылып, жергілікті бюджет қолдауымен 67 млн 177 мың теңге игерілді. Бұл өз кезегінде Президентіміздің азаматтық қоғамға қолдауының жергілікті жердегі жарқын бір көрінісі деп білеміз.

– Нақты атқарылған жұмыстарға тоқтала отырсаңыз. Қоғамдық бірлестік арқылы қандай шараларды жүзеге асырдыңыздар?

– Ауқымды деген іс-шараларға тоқталып өтсем, Арқалық қаласы әкімдігінің «Дене шынықтыру және спорт» бөлімінің қолдауымен ұлт ұстазы «Ахмет Байтұрсынұлының 150 жылдығына орай Ұлттық Қазақ күресінен «Арқалық барысы – 2022» қалалық турнирі, Арқалық қаласы әкімдігінің ішкі саясат бөлімінің қолдауымен «Өңірдегі қоғамдық-саяси жағдайды мониторингілеу және этносаралық келісімді нығайту», «Жастар арасында дәстүрлі құндылықтарды қалыптастыру, азаматтық белсенділікті дамыту» жобалары жыл сайын дәстүрлі түрде ұйымдастырылып келеді. Қалалық Мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің тапсырысымен «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында «Әлем таныған Абай» аллеясы бой көтерсе, ұлт ұстазының 150 жылдығына орай «Ахмет Байтұрсынұлы – ұлттың ұлы ұстазы» мүсіндік композициялармен скверді безендіру жобасын айрықша атауға болады.

Өскелең ұрпаққа тарихты жаңғырту мақсатында да әлеуметтік жобаларды жүзеге асырып келеміз. Жергілікті сәндік-қолданбалы өнер шебері, белгілі қолөнер шебері, өлкетанушы Шөптібай Байділдиннің «Оюмен ой айтқан еліміз» жобасы аясында «Тарихымызы түгендейік» атты кітабының тұсаукесері өткізіліп, өңір тарихымен тұлғалары қала жастарына кеңінен таныстырылды.

Қоғамдық бірлестігіміздің негізгі жұмысы жастармен болғандықтан осы бағыттағы жобаларға зор мән береміз. Қалалық ішкі саясат бөлімінің тікелей қолдауымен жастар арасында ауқымды деген әлеуметтік жобалар ұйымдастырылды. «Біз біргеміз» атты облыстық еріктілер слёті, «Көктем көркі қызғалдақ» облыстық жастар фестивалі, «Жасыл ел», «Жастар-ауылға», «Жайдарман», «Үздік ерікті», «Алтын жастар кітабы», «Жомарт жүрек», «Мерейлі отбасы» сынды ауқымды жобалар жастар арасында қолдау тапты. Аталған іс-шараларда жыл сайын қала жастарының 85-90%-і қамтылады. Демек, бұл жобаларға алда да сұраныстың мол екенін білдіреді.

– Алға қойып отырған мақсаттарыңыз қандай?

– Осы жерде айта кететін мәселе бүгінде Үкіметтік емес ұйымдар тек бюджет қаражатымен ғана жұмыс істеп келеді. Бұндай тенденциядан арылу керек.

Біз алдағы уақытта бизнес сектормен ақылдаса отырып, жастар мен жасөспірімдер арасында ұлттық дәстүрімізбен ойындарымызды жаңғырут мақсатында қала  жастары үшін Тұжырымдама әзірлеп жатырмыз. Жобаны бизнестің көмегімен жүзеге асыруды ұйымдастырамыз. Бұған қаламыздың жастарымен жастар ұйымдары тартылады.

 

 

 

 

Жаңалықтармен бөлісу