Академиктің қызы

Академиктің қызы

Атырау елінің тумасы, алғашқы еңбек жолын Ақжайықтың жағасында бастаған Бибігүл АЛДАМЖАР Қостанай жеріне келіп, бүгінде табысты әрі ең танымал бизнес-ханымдардың қатарына қосылды.

Іскер әйелдер қауымдастығының мүшесі, Академик Зұлқарнай Алдамжар атындағы Қостанай әлеуметтік-техникалық университетінің президенті, профессор, филолог үшін өмірдегі баға жетпес қазына қандай?

Ел егемендік алар тұста Қостанай педагогикалық институтында филология факультетінде орыс топтарына қазақ тілінен сабақ берген мен үшін өмірде өз орнымды табуға көмектескен бірінші адам менің әкем – академик Зұлқарнай Алдамжарұлы. Отбасының (үйде үш қызбыз) тұңғышы болған соң ата-әжемнің бауырында өстім, бірақ әкемнің ерекше адам екенін есейе келе түсіндім. Жұмысты енді бастаған уақытта түрлі жағдайлар болады, жаспыз ғой, кейбір болмашы дүниені қызбалықпен қабылдаймыз. Сонда әкем асықпай, ол түйткілдің түйінін басқаша көзқараспен, ақылмен түсіндіретін.

Бизнеспен айналысу, соның ішінде әйел заты үшін аса күрделі сала. Әлемдік тәжірибеде «ер адам шұғылданытын бизнес» немесе «әйел адамға арналған бизнес» деген ұғым жоқ. Дегенмен де, қазіргі уақытта нәзік жандылардың ер адамдармен иық тірестіре, кей жағдайда тіпті, олардан да табысты еңбек етіп жүргеніне куә болудамыз. Ең бастысы, бірдеңені жасар кезде ақылмен істеу керек. Асықпаған жөн. Күйіп-жанып істеген жұмыстың қалай да бір шикілігі шығады, берекесі болмайды.

Тағы бір ескеретін жайт – кез келген адаммен тілдесер кезде оның сыртқы пішініне, киіміне қарама, «мынау не тындыра қояр дейсің» деп күмәнмен ойлама, сөзіне, ісіне баға бер. Себебі, ішкі дүниесі алтын сарай жандар көп. Кәсіптің ортасында жүрген соң, жақсыны да, басқаны да көресің, соның арқасында психолог болып аласың. Ал адамның ішкі әлеміне үңіле білсең әрі соны түсіне білсең – өзіңнің де адами құндылығыңның жоғары болғаны. Жерден кішкентай ғана болып шығып жатқан құйыршықты басып қалсаң ар жағынан үлкен айдаһар шыға келмесіне кім кепіл? Сондықтан, менің ойымша, әр істе ақырын жүріп, анық басқан дұрыс. Адам жаман болмайды, оны қандай да бір жағдай бұзады. Ал біреумен тілдесерде, оның тек жақсы қасиетін көре білу керек.

Міне, осы айтылғандардың бәрін кезінде әкемнен тыңдасам да, әлі күнге өзегін жоғалтқан жоқ. Себебі, академик Зұлқарнай Алдамжардың дүние салғанына 17 жыл толды. Сол кезде ол кісінің бастаған зор еңбегін жалғастыру ұрпақтары – бізге қалды. Басында әрине, қиын болды. Оң-солымызды айырмай қалдық, сөздің шыны. Бір жақсысы, әйтеуір қалыптасқан ұжымымыз бар, олардың қолдауы көп септігін тигізді. Алайда бәрібір әкенің жоқтығы сезілді. Уақыт бәрін жеңеді екен, сол себепті, бірте-бірте жоғары оқу орнын басқару тетігін үйреніп кеттік. Расын айтайын, әлі де атқаратын жұмыс алда.

Тура мінездісіз деп жататындар кездесіп жатады. Рас, ондайым бар. Ойымды айтып салғанды ұнатамын. Бірақ қайтымым тез, кек сақтамаймын. Қазір жас өткен сайын осы мінездерімнен арылып келе жатырмын…

 

Суреттер кейіпкердің жекемұрағатынан алынды.

 Блиц-сауал

– Бала Бибігүл кім болуды армандады?

– Әлі есімде, біздің үйде әкемнің жеке кітапханасы болды. Сонда тарихи, монографиялық кітаптар көп болатын. Жетінші сыныпта шетінен алып соны оқитынмын. Содан болар тарихқа деген қызығушылығым оянды.

– Қандай сәтте көзіңізден жас шығады?

– Соңғы рет Қаңтар оқиғасында. 1986 жылғы Желтоқсан көтерілісі көз алдыма келді сонда. Мен 1987 жылы қаңтар айында Алматыға бардым. Сонда оқиға болған жерде ағаштар қанға боялған қалпы тұр екен…

– Демалыс күндері оқитын кітап немеме көретін фильм жайында кеңес беріңізші (неге осы туындылар?).

– Кітаптардың аудио нұсқаларын тыңдаймын. Көбіне балалармен бірге мультфильм көргенді ұнатамын. Л.Гумилевтің хазарлар туралы кітабын оқыдым.

– Өмірдің мәні неде?

– Менің араласатын ортам, достарым деп білемін.

Жаңалықтармен бөлісу