Жұмакүл қалай желтоқсаншы атанды?

Жұмакүл қалай желтоқсаншы атанды?

Кешегі желтоқсан оқиғасы қаншама өрімдей жастардың өмірін қыршын етіп, болашақтарының тамырына балта шапты. Алматының орталық алаңында әділдік іздеп шарқ ұрған қазақ жастары көк мұз, ақ қардың үстінде қызыл қанға боялып жатты. Сол сәтте қара бұлт шалған аспан күңіреніп елдің тыныштығын бұзды. Азаттықтың бастауы болған желтоқсан оқиғасы қанға боялған әріптермен тарих қойнауына енді. Желтоқсан оқиғасына қатысқандарды саяси түрде қудалады. Сол кезде 99 адам сотталып, 264 студент оқудан шығарылған. Оқудан шығарылғандардың қатарында Жанкелдин ауданы, Шеген ауылының тұрғыны Жұмакүл Бекентаева да болды.

«Мектеп бітіргеннен кейін арман қуып Алматы қаласына бардым. Жоғары оқу орнына түсіп, студенттер жатақханасында тұрдым. Желтоқсан оқиғасына қатысамын деген ой мүлде басыма келмеген. Алматының орталық алаңында көптеген жастар қолдарына плакаттар ұстап, «Қазақстан жасасын!» деп ұрандатып жүр екен. Бізде жатақханадан шығып, жүгіре басып, орталық алаңға келдік. Айқай шу, төбелес басталып кетті. Милиция өкілдері ешкімге аяушылық танытқан жоқ. Қолдарындағы қаруларымен ұрып соғып, қыздарды шаштан сүйреп, ұлдарды тепкілеп, машинаға тиеп жатқан сәтті көргенде жаным түршігіп кетті. Шыдап тұра алмадым, менде қарсылық білдірдім. Мені де машинаға салып алып, түрмеге апарып қамады. Ауылдан ата-анамды шақырып, оқудан шығарып, елге қайтарып жіберді», – дейді желтоқсаншы.

Қиындықты көп көрген кейіпкерімнің бала күні де бір хикая. Қора-жайда ойнап жүрген бала Жұмакүлді өгіз сүзіп алған. Қатты қорыққаннан жүрегі тоқтап қалған. Ауыл-аймақ, көршілер келіп, қазаға көңіл айтып, келесі күні ақтық сапарға шығарып салу рәсіміне қамданып жатса керек. Тәтесі Айткүл Бекентаева бөлек бөлмеде жатқан сіңілісінің қасына барып, қимастықпен жылап тұрса, кірпігі қимылдағандай болған. Өз көзіне өзі сенбей бөлмеден жүгіріп шығып, үйдегілерге айтса, ешкім сенбеген. Сәлден кейін қайта барғанда аяғы қозғалып жатыр екен. Осылайша өмірге қайта келген Жұмакүлдің жарық дүниедегі қиын кезеңі желтоқсан оқиғасымен аяқталған.

«Басымнан кешкен қиын сәттердің барлығы артта қалды. Қазір Құдайға шүкір отбасымның ортасында бақытқа кенеліп отырмын. Сүйкімді қылықтарымен сүйсіндірген немерелерім бар. Отағасы ұзақ жылдар ұстаз болып, зейнеткерлікке шықты. Ал, өзім Амангелді жалпы білім беретін мектебінде қазақ тілі мен әдебиет пәнінен дәріс беремін. Осы күнге шүкіршілік етемін. 1986 жыл, оның ішінде желтоқсан оқиғасының ызғары жүрегімде дақ болып қалды. Кейінгі жас ұрпақтың басына бермесін деп тілеймін. Егемендік пен еркіндіктің бастауы болған азаттығымыз жасай берсін. Еліміздің бірлігі артып, көк байрағымыз көгімізде мәңгі желбіресін. Тәуелсіздігіміз тұғырлы болсын!», – дейді Жұмакүл Бекентаева.

 

Байбатыр НИЯЗБЕКҰЛЫ

Жанкелдин ауданы

Жаңалықтармен бөлісу