Сүйінші жаңалық! Халқымыздың ардақты ұлдары – Ресей Мемлекеттік Думасының алғашқы екі шақырылымының депутаты, заңгер Ахмет Қорғанбекұлы Бірімжанов пен қоғам қайраткері, Алашшыл азамат Ғазымбек Қорғанбекұлы Бірімжановтың туған інісі, Екінші дүниежүзілік соғыста хабарсыз кеткен жауынгер Жұмахан Қорғанбекұлы Бірімжановтың жатқан жері араға 83 жыл салып анықталды.
Бұл – бір әулет үшін ғана емес, барша ұлтымыз үшін аса маңызды тарихи жаңалық. Жұмахан Қорғанбеков – қатардағы жауынгер, атқыш. Ол 1919 жылы Қазақ КСР, Қостанай облысы, Торғай ауданы, №3 ауылында (қазіргі Қостанай облысы, Жангелді ауданында) дүниеге келген. Ел басына күн туып, сұрапыл соғыс басталғанда, 1941 жылы Алматы қаласы, Фрунзе аудандық әскери комиссариатынан әскер қатарына шақырылып, майданға аттанды.
Оның тағдыры жайлы мәліметтер ұзақ жылдар бойы белгісіз болып келді. Алайда Ресей Федерациясы Қорғаныс министрлігінің Орталық мұрағатындағы №58 қор, 18004 тізім, 212 іске тіркелген құжаттардың арқасында оның ерлікпен қаза тапқан жері мен мәңгілік мекені анықталды. Ол 1942 жылдың 19 желтоқсанында Ресейдің Волгоград облысы, Советское ауылындағы ауыр шайқастардың бірінде ерлікпен қаза тапты.
Оның сүйегі кейіннен Волгоград облысы, Калачевский ауданы, Калач-на-Дону қаласындағы “Павших борцов” алаңында орналасқан бауырластар зиратына қайта жерленген. Оның жерлеу нөмірі – N90145571.
Бұл жаңалық – соғыс жылдарында шейіт кеткен боздақтардың есімі ешқашан ұмытылмайтынын айғақтайды. Араға 83 жыл салып, оның ерлік жолы қайта жаңғырып, есімі туған халқымен қайта қауышты. Жұмахан Қорғанбекұлы – туған елінің азаттығы мен бейбіт болашағы үшін жанын қиған батырлардың бірі. Оның есімінің қайта жаңғыруы – ұрпақ үшін үлкен өнеге. Бұл – ел тарихының ақтаңдақ беттерін толықтыру жолындағы маңызды қадам. Өткенін ұмытпаған елдің болашағы жарқын!
Самат Жұматайұлы,
Қазақстан және Орталық Азия тарихын зерттеу
институтының бас директоры.