Жұлдыз Аманбаева. Әке

Жұлдыз Аманбаева. Әке

«Әке» сөзін естігенде елеңдейтінім рас. Қызыға да, қызғана да қараймын. Өмір өз заңына бағындыратынын есейгенде түсіндік. «Бұл пәниден ерте оздың» деген балалық өкпем жойылған. Тек әкеге деген сағыныш кеудемді тырнап, сол бір сәттер көлденеңдеп көз алдыңда тұратынын қайтерсің.

Үйдің үлкен қызы болған соң ба, ең тәуірін мен киіп, ең тәттісін менің аузыма тосатын әкемнің қылығы ағамның қызғанышын тудыратын еді. Қыз бала ғой деп ерекше ықыласын төгіп, еміреніп отыратын, жарықтық. Есейіп кетсемде әлі күнге әкемнің күректей болған қолдарымен шашымнан аялай  сипап,тізесінде ұйықтататынын сағынамын. Менің жадымда сақталып қалған бір бейне осы.

Менің балалық шағым әкеммен бірге жоғалғандай еді. «Әттең-ай» деген өкініште жоқ емес. 2006-ншы жыл, 3-нші курс студентімін. Диплом алудың қамына кірісіпте кеткенбіз. Әдеттегідей қысқы демалыс. Амангелді ауданы, Қоғалыкөл ауылында тұратын өз отбасыммен біргемін. Толық отбасымыз-әкем,анам,ағам және іні-сіңлілерім. Зымыраған уақыт-ай десеңші, көзді ашып-жұмғанша демалыс аяқталыпта қалды. Киім-кешектерімді буып-түйіп, дайындық үстіндемін. Кешқұрым уақыт бәріміз әке- шешеміздің қасында абыр-сабыр күйдеміз. Бір уақытта әкем әңгіме айтқысы келгендей ишара білдірді. Тілі күрмеліп, әрең дегенде «Түсіме әкем кірді,үш күннен соң мені су жағасына көшіріп әкетеді»- деді. Ал ата-бабаларымыздың қорымдары Сымтас өзені жағасында Ақтөбе деген жерде жайғасқан еді. «Қайда көшесің,әке?» деген біз таңданысып, сол ошақ басында күлкіге ұласып қала берді.  Арада екі күн өтті. Мен жолға шығатын көлік дайын, анашым зыр жүгіріп бар тәттісін сөмкеге тығыздап салып жатыр. Өз бөлмесінде еңгезердей болған әкемнің сұлбасы шөкімдей болып шөгіп, селкілдеп жылап отырғанын байқадым. Көзім жасқа толып,  әкемді құшақтап жазда диплом алып келем, той жасаймыз деп айтуға ғана  шамам жетті. Сол уақытта мен әкемді соңғы мәрте құшақтап, қоштасқанымды сезбеппін. Қайран менің, әкешім, өзінің енді бұл өмірден біржола кететінін сезген екен ғой. Көргені «түс» емес аян болғанын кеш ұқтық. Менің қолыма жармасып «кетпе»  демекші болды. Мен көзім жасқа толып, есіктен сыртқа атып шықтым да, ат шанаға мініп кете бардым. Мыжырайған мұржадан түтіні бұрқыраған сол үйдің бір бұрышында әкем де қала берді.

Рудный қаласы. Ендігі бағытым жатақхана. Пойыздан түсіп, өз бөлмеме орналастым. Ертеңгі күннің қамымен, сабақтарымды түгендеп қойдым. Түс ауа көзім ілініп кетіпті. Тас қараңғы бөлме, жарық қосу үшін жанталасып, тынысым тарылып, жарық жағатын тетікті таппай жан ұшырып жүр екенмін. Жүрегім аузыма тығылып, орнымнан қалай тұрғанымды сезбедім.  Уақыт 17.20-ны көрсетіп тұр. Көңіл -күйім жоқ. Ауа райы да түнеріп, айналаға одан сайын сұрықсыз рең беріп тұр. Сабақ үстінде мені колледждің орынбасары шақырып жатыр деген соң, аяғымды ауырлана басып, кіріп бардым. Менің бүгін ауылға қайтуым керектігін айтып, әкемнің қатты ауырып жатқанын ескертті. Көрген түсім, әкемнің жылағаны, «кетпе» деп жармасқаны бәрі көз алдыма суреттей тұра қалды. «Неге қалмадым екен?» деген ой мазалай берді. Өзімді алдадым. Пойыз.Таныс туысқандарым. Көңіліме ұялаған күдікті жеңуге тырыстым. Жоқ…Әкем тірі…

Жол үсті ауылыма жеткенше асығып, қуанып келуші едім, бірақ, бұл жолы бәрі басқаша күңгірт. Ауылға таман жол бойында аталарым жерленген қасиетті мекен. Бір жерде шоғырланған адамдар. Қолдарында күрек. Тістеніп үн шығармауға тырыстым. Бірақ бәрі сезгенімдей еді. Жыбырлаған әйелдер тіршіліктерін жасап жүгіріп жүр. Менің келгенімді көріп, тыныштық орнағанда болды. Ат шанада күпіге оранған мен орнымнан қозғалуға халім де жоқ еді. Тынысым тарылып, тұншығып барам. Жылай бердім, жылай бердім. Бір мезетте анамның жоқтауы мені қатайтып тастағандай болды. Өмірге деген  қара қазандай өкпем пайда болды. Әкемнің орны үңірейіп қала берді. Ақ кебінге оранған әкемнің соңғы бейнесі әлі көз алдымда. Жымиып жатыр. Бақытты сияқты. Әкем барда ешнәрсе ойламай, алаңсыз жүріппіз. Тез есейіп кеткендей болдым. Тұйықталып алдым. Ешкіммен ашық жарқын сөйлесіп, еңсемді тіктей алмай біраз жүріп қалдым. Әкемді сағынып, тері иісі сіңген тақиясын иіскеп жылап та аламын. Анамды ойладым. Ендігі анамның бар тірегі мен және ағам екенін ұққандай болдым. Осылайша әкемнің өмірден өткені мен үшін тым ауыр соққы болып тиді. Менің көрген түсімде бекер болмапты, сол сол күні,сол уақытта әкешім өмірден озыпты. Мүмкін жаны қысылғанда мені ойлады ма екен… Ата-анаң барында еркеле, құшақта, жақсы көретініңді жиі айт. «Қолда барда алтынның қадірі жоқ» деп бекер айтылмаған сияқты. Өмірде ең қадірлі отбасың, бауырларың екенін саналы түрде ұғынсақ  екен. Өкініш өзегіңді өртеп, сен ойламаған сәтте орын алған кейбір жайттар бәрін еске түсірер, барыңды бағалай білу ең маңызды сәт екенін ұғынғандаймын.

Рудный қаласы

Жаңалықтармен бөлісу