31 мамыр – ресми түрде саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күні.
Солақай саясаттың сызын тартқан қаншама боздақ өмірімен қоштасты. Балалар жетім, әйелдер жесір қалды.
Алаштың ардақтылары жазықсыз жапа шегіп, көршілес елге жер аударылды. Қуғын- сүргін құрбандарын еске алу күніне орай жыл сайын аудан орталығында қуғын- сүргін құрбандарының ескерткішіне гүл шоқтарын қою рәсімі өтеді. Іс-шараға аудан тұрғындары, ақсақалдары және қуғын-сүргіндердің ұрпақтары қатысады. Биыл да жоспарлануда.
Ал, «Н.Дәулетова» атындағы орталық аудандық кітапханасында Қазақстандағы саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күніне арналған «Зобалаң жылдар жаңғырығы» атты кітап көрмесі ұйымдастырылды.
Бұл кітап көрмесінде сол кезеңдегі тоталитарлық жүйенің жазықсыз құрбаны болған қайғылы оқиғалар мен деректер көрсетілген. Сонымен қатар, бұл көрмеде XX ғасырдың басындағы ұлт-азаттық қозғалысы жетекшілерінің бірі, мемлекет қайраткері, қазақ тіл білімі мен әдебиеттану ғылымдарының негізін салушы, ұлттық жазудың реформаторы, ағартушы Ахмет Байтұрсынұлы, халқымыздың тұңғыш саяси Алаш партиясының ұйымдастырушысы және ұлттық Алашорда автономиялы үкіметінің төрағасы, ғұлама ғалым, әдебиеттанушы, аудармашы әрі дарынды публицист Әлихан Бөкейхан және қазақтың аса көрнекті ағартушысы, қоғам қайраткері, ақын, жазушы, жалынды көсемсөз шебері Міржақып Дулатұлының суреттері салынған картинка қойылған.
Орталық кітапхана ұсынған деректі материалдар сол жылдардағы саяси қуғын-сүргіннің қатыгез, мағынасыз сипатын түсінуге мүмкіндік береді.
– Көрменің мақсаты – оқырмандарды Қазақстанның 1920 1950 жылдардағы ең қасіретті кезеңдерінің тарихымен таныстыру және жастардың бойында патриоттық сезімді қалыптастыру, қуғын- сүргін құрбандарын еске алып, қазақ халқының тарихи өткеніне құрметпен қарау, – дейді кітапхана директоры Еркебұлан Аңдамасов.
Руслан ӘЛКЕЕВ.
Сарыкөл ауданы