Құнды құжаттар біріктірілген 33 томдық кітап жарық көрді

Құнды құжаттар біріктірілген 33 томдық кітап жарық көрді

Елімізде 2020 жыл Мемлекет басшысының Жарлығымен Саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөнінде мемлекеттік комиссия құрылған еді. Ғалымдар мен мұрағатшылардың ұжымдық ғылыми-зерттеу жұмысы аясында 2 жылда 300 мыңнан астам құрбан ақталған.

            Атқарылған қыруар жұмыс сараланып, 33 томға жүк болды. Республиканың облыс, аудандарындағы және Ресей архивінде осы уақытқа дейін құпия саналып келген құжаттар қаралып «Саяси қуған-сүргін құрбандарын толық ақтау жөніндегі мемлекеттік комиссияның материалдары ХХ ғасырдың 20-50 жылдары» деген атаумен жинақ болып басылып шықты. Кітаптың таныстырылымы Л.Толстой атындағы ғылыми-әмбебап кітапханасында өтті.

Облыс архивінен де көптеген деректер алынған. Оған қостанайлық ғалымдар атсалысқан. Тарих ғылымдарының докторы, профессор Еркін Әбіл де 1 томды жазып шығуға басшылық жасады. Мемлекеттік комиссияның мүшесі, VIII сайланған ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Еркін Аманжолұлы жұмыстар әлі де жалғасатынын айтады.

            – Екі жыл бойына мемлекеттік комиссия жұмыс істеп жатыр. Негізгі мақсат – тек қана саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтап қана қоймай, болашақта осындай саяси құбылыстың қайталанбауын алдын алу. 90-шы жылдардың басына ақтау жұмыстары жүргізілгенімен, негізгісі жұмыс істелмей қалды. Яғни, көптеген құжаттар қолжетімсіз құпия күйінде қалды. Мемлекеттік комиссияның еңбегі сол құпия құжаттарды жарыққа шығаруында. Биыл 33 том шықты, оның 31 томы құжаттар жинағы 2 томы монография. Жұмыс әлі жалғасып жатыр. Осы жылыда бірнеше том шығаруды көздеп отырмыз. Құжаттардың барлығы цифрландырылатын болады. Соңғы 30 жылда мұндай ауқымды жұмыс атқарылмаған, – деді мемлекеттік комиссия мүшесі Еркін Әбіл.

Қостанай облысы әкімдігінің қоғамдық даму басқармасының басшысы Марат Жұрқабаев Тобыл-Торғай өңірінен кітаптың шығуына жәрдемдескен ғалымдарға, еркітілерге алғысын жеткізді.

            – 31 мамыр Қазақстанда Саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күні келе жатыр. Бұл 1997 жылы Президент Жарлығымен бекітілген ресми атаулы күні. Ғамлымдарымыз маңыздылығы жоғары кітапты таныстырды. Бұл жұмыстар болашақ үшін қажет. Қостанайлық ғалымдардың да еңбегі бар. Кітаптың үшінші томында біздің жерлесіміз Алаш қайраткері Ахмет Байтұрсынұлына арналған бөлім бар. Одан да басқа маңызды құжаттар біріктірілген, – деді Марат Жұрқабаев.

Ғалымдардың айтуынша, 3 млн-нан астам адам репрессия құрбаны болған. Тағы 140 мыңнан астам іс қаралып жатырған көрінеді. Толық зерттелген соң мәртебесі беріліп, алдағы шығатын жинаққа енгізілмек.

Тұсаукесер соңында Қоғамдық даму басқармасы ұйымдастырған «Саяси қуғын-сүргін: трагедия тарихы» тақырыбында облыстық эссе байқауының жеңімпаздары марапатталды.

Сералы МЫРЗАБАЙ

Суреттерді түсірген Бағдат АХМЕТБЕКОВ

Жаңалықтармен бөлісу