Жүрегі кең, ниеті бір жандар марапатталды

Жүрегі кең, ниеті бір жандар марапатталды

Біздің қоғамда айналасына көмек беруге дайын, қайырымы мол жастар бар. Оларды еріктілер деп жүрміз. Олардың жүректері кең, ниеттері мен ұстанымдары ортақ. Осы қатарға қосылғысы келетіндер де аз емес. Оны Жастар сарайында өткен «Үздік ерікті – 2023» марапаттау рәсімінен байқадық. Жалпы, бұл марапат «Қостанай облысында еріктілікті ілгерілету және қолдау» жобасы аясында жүзеге асып келеді.

Облыстық жастар ресурсы орталығының директоры Абай Дүйсековтің айтуынша, орталықта 3,5 мың ерікті тіркелген. Оның сыртында өзге де оқу орындарында, кәсіпорындарда да жұмыс істеп, кез келген іске көмек қолын созуға дайын белсенділер баршылық.

– Біздің өңірдің жастары өте белсенді. Қандай жағдайда болмасын жиналып, сын сағатта үлес қосып жатады. Ол үшін ақы төленбейтінін білесіздер. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев 2020 жыл Волонтерлар жылы деп жариялады. Содан бері осынша іс-шараларды тұрақты түрде қолға алдық. Ал бүгінгідей рәсім жыл соңында қорытынды әрі ақшалай қолдау ретінде үшінші жыл қатарынан өтіп келеді. Олардың арасында ерен ерліктің үлгісін көрсеткендер аз емес, – дейді орталық директоры.

5 желтоқсанда бүкіл әлемде еріктілер күні атап өтіледі. Бұл күн адамдарға шын жүректен көмек қолын созатын және бұл жұмыстары үшін ақы талап етпейтін барлық еріктілерге құрмет көрсетуге арналған. «Үздік ерікті – 2023» байқауы бірнеше номинацияларға бөлініп, жеңімпаздар ақшалай сыйлықтармен марапатталды.

Төтенше жағдайлар бағытындағы үздік ерікті ретінде Василиса Клопова жеңімпаз атанды. Василиса жоғалған адамдарды іздеуге атсалысып, пандемия кезінде жұмыс атқарған. Биылдың өзінде жоғалып кеткен елуге жуық адамның табылуына себепші болған. Оларды іздеу үшін үнпарақтар таратып, көпшілікпен бірге іздеу жұмыстарына қатысқан. Халықаралық із-түссіз жоғалған балаларды табу акциясының ұйымдастырушысы. Іздеу жасағының мүшесі.

– Менің еріктілігім көбіне қайғылы жағдайлармен байланысты. Сондықтан оңай деп айта алмаймын. Өзім 8-сыныпта оқып жүрген кезімнен бастап еріктілердің қатарынан көріне бастадым. Отбасымда алты баламыз. Мен үлкенімін. Егер менің бауырларым жоғалып кетсе жападан жалғыз не істер едім? Тіптен көз алдыма елестете де алмаймын. Ал өмірде балалар көп жоғалып жатады. Олардың туыстары ондайда қиналып, өзгелерден көмек күтеді. Міне, осындайда бәріміз бірігіп, қиналған жанды демеп жатсақ бұл еріктілік емес, адамгершілік дер едім. Сондықтан ерікті деп бөліп жармай-ақ, бұл алдымен адами қасиет. Жүрегі кең, ниеті бір жандармен бірлесіп жұмыс істеп жатқаным жаныма жылу береді. Жоғалған адам табылса қуанышымда шек болмайды. Іздеуге шығатын еріктілер қандай жұмысы болса да тастап, аура райының қолайсыздығына да қарамайды. Бүгін жеңімаз болып, еңбегімнің еленгеніне қуаныштымын, – дейді Василиса.

Байқауға қатысу шарттары бір ай бұрын жарияланған. 48 үміткер қатысып, соның ішінде комиссия мүшелері 7 жеңімпаз бен 1 ұйымды лайықты деп таңдап алыпты. Олар 8 бағыт бойынша марапатталды.

Еріктілер тобында тек жастар ғана емес, ересектер де бар. Олар өздерінің күнделікті жұмыстарының сыртында еріктілікпен айналысып, үйлерге азық-түлік жеткізуде бір кісідей атсалысып жатады. Жақсылық жасауға жаны құмар ерікті жастар қан тапсыру орталығына да барып тұрады немесе ағаш егіп, тіптен тегін қаржылық сауаттылыққа қатысты сабақтар да өткізеді. Өз еркімен көмек көрсетуден қашпайтын жандардың ұстанымы бір. Ол – айналаға пайдасын тигізіп, өмірдің мәнін ашу.

Айтолқын АЙҚАДАМОВА

Жаңалықтармен бөлісу