Жастық шақтың жарқылы

Жастық шақтың жарқылы

Қостанайда «JastarFest» шығармашылық жастар фестивалінің финалы өтті. Оған вокалдық бағытта 15 қатысушы және би бағытында 10 би ұжымы қатысты. Алғашы кезеңде 300-ден аса қатысушы болса, финалда 150-ге жуық өнерпаз өнер көрсетті.

Ауқымды іс-шара Қостанай қаласы әкімдігінің іскі саясат бөлімінің тапсырысы бойынша, «Жаңа тыныс MDi » жастар қоғамдық бірлестігінің бастамасымен екінші мәрте ұйымдастырылып отыр.

– Талантты жастарды тауып, оларды қолдау – басты мақсатымыз. Бір жыл бұрын өткізгенде небәрі 80 қатысушы еді. Биыл саны артып, 300-ден асты. Ауқымының кеңейгені байқалады. Яғни, жастардың шығармашылығын дамытуға септігі тиді деуге болады, – дейді «Жаңа тыныс MDi » жастар қоғамдық бірлестігінің төрағасы Жалғасбек Шөкенов.

Фестиваль аясында ән мен би байқауынын бөлек, спорттық, зияткерлік тағы өзге бағытта іс-шаралар өтеді.

Сайыс қатысушысы Мәдина Қазбекова вокалмен жеті жасынан шұғылданып келеді. Жас та болса облыстық, республикалық ән байқауларының жеңімпазы болып үлгерген. Өзі оқитын жоғары оқу орында өткен байқауда «Үздік дауыс» аталымын да жеңіп алған.

– Сайысқа өзімнің сүйікті әнімді әзірлеп келдім. Бұл туындыны екі жыл көлемінде айтып жүрмін. Соңғы бір айда тиянақты дайындалдым. Байқауға өзімді әрі қарай дамыту үшін қатысып жатырмын. Сахна мен үшін киелі, – дейді қатысушы Мәдина Қазбекова.

Арнайы қонақ Ұлттық фестивальдар мен сыйлықтар сериясының бас продюсері, көптеген ТВ, кино және музыкалық жобалардың авторы Жан Мұқанов қазылар алқасының төрағасы болды. Финалдық сайыстың жалпы жүлде қоры – 1 млн теңге.

Вокал бағыты бойынша жеңімпаздарға 50, 100, 150 мың теңгеден, ал биден бағы жанғандарға 100, 150, 200 мыңның сертификаттары табыс етілді.

Сералы МЫРЗАБАЙ

Суреттерді түсірген Бейбіт МЕЙРАМҰЛЫ

 

 

 

 

Жаңалықтармен бөлісу