1-қыркүйек –Білім күні Әулиекөл кентіндегі Ш.Уәлиханов атындағы қазақ орта мектебінде 1-11 сынып оқушыларына арналған «Мектебім мейірім мекені» атты салтанатты жиын өткізілді.
Білім ошағының алдында сап түзеген болашақ түлектер мен енді ғана мектеп табалдырығын аттағалы тұрған балғындардың жүзі бал-бұл жайнайды.
Бірінің қолынан бір ұстап, осы бір ұмытылмас сәтті тағатсыздана күткен 1-сынып оқушыларын сынып жетекшілері Гүлсая Манарбекқызы мен Аруна Серікбайқызы ортаға алып шықты.
Құшақтары гүлге толған ұстаздардың жүзінен де толқыныс байқалады. Олар әрбір бөбектің қолына қалам ұстатып, білім нәрімен сусындатуды өз жауапкершіліктеріне алғалы отыр. Бұл үлкен һәм мәртебелі міндет. Бір-бірімен әлі танысып үлгірмеген балғындар да мектеп атты алып кемеге мініп, он бір жыл бойы білім теңізінде жүзетінін қиялына сыйғыза алмай жан-жағына тосырқай қарайды. Кекілдерін жел тараған бір-бір үйдің еркесі маңайына бар мейірім шуағын шашқан мұғалімдерінен көз айырар емес.
Алғашқы қоңырау салтанатында 11-сыныптың түлектері – «Жас ұлан» ұйымының президенті, облыстық пәнаралық, спорттық, шығармашылық жұмыстардың жеңімпазы Малика Қоңқабаева, аудандық, облыстық спорт жарыстарының жеңімпазы Санжар Ұлтан және аудандық, облыстық пәндік, шығармашылық, спорттық жарыстардың жеңімпазы Нұрасыл Сағындық мемлекеттік туды көтеру мәртебесіне ие болды. Бұдан соң мектеп директоры Жеңіс Нұрманов сөз алып, ұстаздар мен оқушыларды білім күнімен құттықтады.
– Бүгін мектеп тарихында тұңғыш рет 1 сынып табалдырығын 43 бала аттап отыр. Бұл осы жаңа ғимаратқа көшкен он жылдың ішіндегі ең бір тарихи оқиға деп есептеймін! Балғындардың қадамы құтты болсын! Адамзат баласы үшін алғаш мектеп табалдырығын аттап, партаға отыруы есте қалар сәт. Бүгінгі алғашқы қоңырау салтанаты да бөбектердің есінде мәңгі сақталады деп есептеймін. Алдағы оқу жылында тек жақсы жетістіктердің биігінен көріне берсін деп тілеймін! Барша ұстаз құауымын бүгінгі Білім күнімен құттықтаймын! Өткен оқу жылы бойынша біздің мектебіміз үлкен жетістікке жетті. Аудан білім ошақтарының арасында бірінші орынды иелендік. Бұл сіздердің еңбектеріңіз. Шоқан мектебінің абыройы әрдайым асқақтай берсін!–деді Жеңіс Бірахметұлы.
Білім ошағының басшысы биыл «Қазақстан халқына» Қоры мектепке 250 млн теңге бөліп, барлық қажетті құрал-жабдық, интерактивті тақта, оқу кабинеттері, жиһаздар сатып алынғанын айтты. Яғни, мектептің материалдық-техникалық базасы бастан-аяқ жаңартылды. Қысқасы, облыстағы тірек мектептердің біріне айналған білім ошағында балалардың оқу сапасын жақсартуға барлық жағдай жасалған.
Салтанатты жиын үстінде жиналғандарды Әулиекөл аудандық білім бөлімінің әдіскері Динара Бижанова құттықтап, Шоқанның шәкірттеріне игі лебізін білдірді. Айтпақшы, кезінде Әулиекөл ауланында басшылық қызметтер атқарған, бүгінде германиялық азамат мектеп табалдырығын аттаған балғындарға өз атынан сыйлықтар беріп жіберіпті. Жырақта жүрсе де туған жерін, өскен ортасын ұмытпаған жерлесіміздің мәрттігіне қалай риза болмайсың! Бұл бөбектердің жақсы оқуға деген ынтасын оята түсері даусыз.
Жоғарыда айтқанымыздай биыл бірі немересін, енді бірі баласын жетектеп, қазақ сыныбына әкелген ата-аналардың қарасы басым. Солардың ішінде Ахмет Айбек пен Зейіннұр Төлегеннің ата-аналары да перзенттерінің болашағынан зор үміт күтеді. Олар ең бастысы ұрпақтарының жақсы оқып, ел үмітін ақтар азамат болып өсетініне сенімді. Мектеп табалдырығын имене аттаған қос ұлан да жақсы оқуға уәде етті.
– Біз Сіздерді ұятқа қалдырмаймыз! Сабағымызды 5-ке оқимыз, – десті Зейіннұр мен Ахмет.
Талаптарыңа нұр жаусын, балақайлар!
Әлібек ЫБЫРАЙ
Суреттерді түсірген автор
Әулиекөл ауданы