Қостанай облысында жол қозғалысы қауіпсіздігін арттыру бағытындағы жұмыстар жалғасуда. Алдын алу шараларының бірі ретінде республикалық маңызы бар автомобиль жолдарының бойында орналасқан елді мекендер маңына үй жануарларының макеттері орнатылып жатыр.
Бұл жүргізушілердің жолдағы қырағылығын арттырып, жол-көлік оқиғаларының алдын алуға ықпал етеді.
Бір қарағанда мұндай макеттер тосын көрінуі мүмкін. Алайда олардың негізгі мақсаты – жүргізушіні алдын ала жылдамдығын төмендетуге және жолға жануардың кенеттен шығып қалуы мүмкін екеніне дайын болуға шақыру. Мұндай тәсілдің психологиялық әсері қарапайым: жол жиегіндегі жануардың бейнесін байқаған жүргізуші еріксіз сақтық танытып, жылдамдығын азайтады әрі арақашықтықты ұлғайтады.
Бұл шараның өзектілігін жол-көлік оқиғаларының статистикасы да дәлелдейді. 2025 жылдың қорытындысы бойынша Қостанай облысында үй жануарларын қағуға байланысты 5 жол-көлік оқиғасы тіркеліп, салдарынан 6 адам түрлі дәрежеде жарақат алған.
2026 жылы да жануарлардың қатысуымен болатын жол-көлік оқиғалары тіркелуде. Мәселен, маусым айында KAZ 03 «Астана – Атбасар – Жақсы – Рузаевка – Сарыкөл – Қостанай (айналма жол арқылы) – Ресей Федерациясының шекарасы (Қайрақ өткізу пункті)» автожолында жеңіл автокөлік жүргізушісі жолға кенеттен жүгіріп шыққан жылқыны қағып кеткен. Салдарынан жылқы қаза тауып, жүргізуші жарақат алды.
«Биыл Қостанай облысындағы республикалық маңызы бар автомобиль жолдарында қауіптің алдын алу мақсатында барлығы 37 макет орнатылды. Оның 18-і – үй жануарларының, 11-і – жол-патрульдік полиция қызметкерінің, 8-і – мектеп оқушысының макеті. Олар жануарлардың немесе жаяу жүргіншілердің жолға шығу қаупі жоғары учаскелерде орналастырылған. Бұл шаралардың басты мақсаты – жүргізушілердің назарын аударып, оларды алдын ала жылдамдықты төмендетуге ынталандыру. Осындай профилактикалық жұмыстар жол-көлік оқиғаларының қаупін азайтып, жол қозғалысына қатысушылардың барлығы үшін қауіпсіздікті арттыруға мүмкіндік береді», – деді «ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ Қостанай облыстық филиалына қарасты «ҚАЖсервис» ЖШС бас инженері Алмас Молдатаев.
Жолдағы қауіпсіздік – көптеген факторлардың жиынтығы. Оған жүргізушілердің жылдамдық режимін сақтауы, мұқият болуы, ауыл шаруашылығы жануарлары иелерінің жауапкершілігі және алдын алу шараларының дер кезінде жүзеге асырылуы жатады. Жануарлардың макеттерін орнату – адам өмірін сақтауға және жолдардың қауіпсіздігін арттыруға ықпал ететін қарапайым әрі тиімді шешімдердің бірі.
