Құрылтай сайлауын халықаралық байқау миссиясы кеңейіп келеді

Құрылтай сайлауын халықаралық байқау миссиясы кеңейіп келеді

Қазақстан Республикасы Орталық сайлау комиссиясы 23 тамызға тағайындалған Құрылтай депутаттарының сайлауын байқауға қатысатын халықаралық байқаушылардың кезекті тобын аккредиттеді.

Қабылданған шешімнің нәтижесінде аккредиттелген халықаралық сарапшылардың жалпы саны 96 адамға жетті.

Жаңа топтың құрамына шет мемлекеттер мен халықаралық ұйымдардың он өкілі енді. Олардың қатарында Молдова, Албания, Армения, Палестина және Кувейт елдерінің өкілдері, соның ішінде сайлау органдарының басшылары мен дипломатиялық миссиялардың өкілдері бар. Сонымен қатар, Халықаралық парламентарийлер конгресінің делегациясы да аккредиттеуден өтті.

Орталық сайлау комиссиясының мәліметінше, аккредиттеу үдерісі жалғасуда. Осыған байланысты тиісті өтінімдерді қабылдау аяқталғанға дейін халықаралық байқаушылардың саны тағы да артуы мүмкін.

Бұған дейін Орталық сайлау комиссиясы төрт мемлекеттің және үш беделді халықаралық ұйымның атынан келген 60 халықаралық байқаушыны тіркеген болатын. Олардың қатарында ЕҚЫҰ-ның Демократиялық институттар және адам құқықтары жөніндегі бюросы (ДИАҚБ), сондай-ақ ТМД Парламентаралық Ассамблеясының өкілдері бар.

Халықаралық байқаушылардың қатысуы сайлау процесінің маңызды құрамдас бөлігі болып табылады және оның ашықтығын, жариялылығын әрі халықаралық деңгейде мойындалған стандарттарға сәйкестігін қамтамасыз етуге ықпал етеді.

Еске салайық, Қазақстан Республикасы Құрылтайы депутаттарының сайлауы 23 тамызда өтеді. Алдағы сайлау науқанына жеті тіркелген саяси партия қатысып, олардың өкілдері еліміздің жаңа жоғары өкілді органындағы депутаттық мандаттар үшін бақ сынайды.